Алматының Жетісу ауданында Солтүстік айналма көшесінің бойында орналасқан заңсыз сауда орындарын анықтау және жою мақсатында рейд жүргізілді. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Әкімдіктің мәліметінше, іс-шараны аудан әкімдігі прокуратура және полиция қызметкерлерімен бірлесіп ұйымдастырды.
Ондаған әкімшілік хаттама толтырылды
Тексеру барысында аумақтарды көріктендіру қағидаларын бұзғаны үшін Қазақстан Республикасы әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 505-бабы бойынша 24 әкімшілік хаттама рәсімделді.
Сонымен қатар белгіленбеген орындарда сауда жасаған азаматтарға Кодекстің 204-бабы негізінде тағы 15 әкімшілік хаттама толтырылды.
Тұрғындардың шағымы ескерілді
Рейд қалалық ортаның тазалығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған «Заң мен тәртіп» қағидатын іске асыру аясында өткізілді.
Бұған дейін тұрғындар «Байсат» және «Ялян» сауда орталықтарының маңында заңсыз сауданың көбейгеніне бірнеше рет шағымданған. Олардың айтуынша, жол жиегін заңсыз сауда орны ретінде пайдалану көлік қозғалысына кедергі келтіріп, кептеліс тудырған.
