Абай облысында табиғи өрттің таралу қаупіне байланысты полиция қызметкерлері өрт ошағына жақын орналасқан DosbolLike балалар лагерінен 190 бала мен 20 қызметкерді қауіпсіз жерге эвакуациялады. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Балалар қауіпсіз жерге көшірілді
ІІМ мәліметінше, өрт туралы хабар түскен бойда полиция қызметкерлері лагерьге жетіп, балаларды шұғыл эвакуациялауға кіріскен. Тәртіп сақшылары дүрбелеңге жол бермей, балаларды ұйымдасқан түрде сыртқа шығарған. Ал кішкентай бүлдіршіндерді қолдарына көтеріп, қауіпсіз аймаққа дейін жеткізген.
Өңірде қауіпсіздік шаралары күшейтілді
Қазір Абай облысында полиция күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр. Қауіпті аумақ қоршауға алынып, өрт ошағына апаратын жолдар уақытша жабылған. Сонымен қатар өрт сөндіру, инженерлік және өзге де техникалардың кедергісіз қозғалысы қамтамасыз етіліп, жол қозғалысын реттеу, қоғамдық тәртіпті сақтау және тұрғындардың мүлкін күзету шаралары қолға алынған, — делінген хабарламада.
ІІМ мәліметінше, өртті сөндіру және салдарын жою жұмыстары төтенше жағдайлар министрлігі, экология және табиғи ресурстар министрлігі, қорғаныс министрлігі және басқа да ведомстволармен бірлесіп тәулік бойы жүргізіліп жатыр.
Министрлік тұрғындарды құтқару қызметкерлерінің талаптарын қатаң сақтауға, қауіпті аймаққа жақындамауға және техниканың жұмысына кедергі келтірмеуге шақырды.
Еске салайық, бүгін таңғы сағат 09:45-те «Семей орманы» резерватынан тағы өрт шыққан болатын.
