Орталық сайлау комиссиясы 23 тамызға белгіленген Құрылтай депутаттарын сайлау бойынша Respublica партиясының партиялық тізімін тіркеді. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Отырысқа Respublica партиясының өкілдері, ЕҚЫҰ демократиялық институттар және адам құқықтары жөніндегі бюросының мүшелері, бас прокуратура, қаржы, ішкі істер, әділет министрлігінің өкілдері, сонымен қатар БАҚ қызметкерлері қатысты.
ОСК төрағасы Нұрлан Әбдіровтың айтуынша, бұған дейін комиссияға жеті саяси партия құжатын тапсырған. Уәкілетті мемлекеттік органдар кандидаттардың Конституция мен «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» заңына сәйкестігін тексерген.
Respublica партиясы тізімін орталық сайлау комиссиясына 7 шілдеде ұсынған. Алғашында тізімде 76 кандидат тіркелді. Кейін кандидат Сәния Темірғалиева тізімнен алынып, тіркелгендер саны 75 адам болды.
ОСК хатшысы Шавхат Өтемісовтің мәліметінше, үміткерлердің 38-і әйелдер, жастар және мүгедектігі бар адамдар санатына жатады. Бұл жалпы тізімнің 50,7%-ы және заңда көзделген квота талабына толық сәйкес келеді.
Сонымен қатар Respublica партиясы VIII сайланған мәжілісті сайлауда 8,59% дауыс жинағандықтан, заңға сәйкес сайлау жарнасын төлеуден босады.
