Басты бет / Жаңалықтар /
Алматы қаласы, Көктөбе, ауа сапасы, Алматы таулары, ауа райы,
Фото: Алматы әкімдігі

Алматыға 110 мың жаңа турист тарту жоспарланды

Алматы қаласының туризм басқармасы 2027 жылдың соңына дейін қалаға 110 мыңға дейін шетелдік турист тартуды жоспарлап отыр. Жоспар халықаралық серіктестікті кеңейту және қаланың туризм әлеуетін шетелде белсенді насихаттау арқылы орындалады. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

2026 жылдың алғашқы алты айында Алматының халықаралық туризм нарығында жұмысы ілгерілеген.

Осы кезеңдегі маңызды оқиғалардың бірі – Қытайдың Гуанчжоу қаласында өткен GITF-2026 халықаралық туризм көрмесіне қатысу болды. Көрме аясында ұйымдастырылған «Алматы қаласының туризм күні» барысында шетелдік серіктестермен ынтымақтастықты дамытуға бағытталған 22 меморандумға қол қойылды.

Бұл келісімдер Алматыны халықаралық деңгейде танытуға, туристер ағынын көбейтуге және жаңа туристік өнімдерді бірлесіп әзірлеуге мүмкіндік береді. Жоспар бойынша, аталған жобалардың нәтижесінде 2027 жылдың соңына дейін қалаға 110 мыңға дейін турист тартылмақ.

Бұдан бөлек, жылдың алғашқы жартысында Алматының туристік делегациясы Үндістан, Қытай, Оңтүстік Корея және Хоңкоңда өткен халықаралық туристік көрмелерге қатысты. Іс-шаралар барысында туроператорлармен, әуе компанияларымен, қонақүй желілері және салалық ұйымдармен жүздеген B2B кездесулер өтті.

Туризм басқармасы бұл бастамалар халықаралық ынтымақтастықты нығайтып, Алматының туристік тартымдылығын арттыруға және шетелден келетін қонақтар санын көбейтуге ықпал ететінін атап өтті.

Мақала туралы ойыңыз?

TikTok парақшамызға жазылыңыз

TikTok