Бүгін таңғы сағат 09:45-те «Семей орманы» резерватынан тағы өрт шықты. Өрт Бородулиха филиалы Қамышен орманшылығының 57-орамында тіркелді. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Экология және табиғи ресурстар министрлігінің мәліметінше, қазір мемлекеттік орман күзетінің жеті қызметкері, автоцистерна (АЦ), кіші орман өрт сөндіру патрульдік кешені (МЛПК), трактор, ТЖМ-дан 30 адам мен сегіз техника өрт сөндіру үшін жұмыс істеп жатыр. Сонымен қатар «Қазавиаорманқорғау» РМҚК-ның Bambi Bucket су төгу құрылғысымен жабдықталған әуе кемесі де өртті сөндіруге кірісті.
Қосымша күш ретінде өрт орнына екі автоцистерна, екі трактор мен 11 орман күзеті қызметкері барды. AS350 тікұшағы, төрт әуе өрт сөндіру десантшысы мен Катон-Қарағайдан Ми-8 тікұшағы өрт орнына бағытталды, — делінген хабарламада.
Қазір жағдай министрліктің бақылауында.
