«Ұмай» әйелдер ипотека бағдарламасына өтінім қабылдау тамыз айында басталады. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Krisha.kz отбасы банкінің басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимованың мәлімдемесіне сүйене отырып, «Ұмай» ипотека бағдарламасына қаражат бөлініп жатқанын жазды. Бағдарламаға өтінім қабылдау тамыз айында басталады.
Бұған дейін бұл бағдарламаға 45 миллиард теңге бөлінетіні хабарланған.
Бағдарламаға кімдер қатыса алады?
«Ұмай» ипотекасы ресми табысы бар және кейінгі кемі алты ай бойы міндетті зейнетақы жарнасын аударып келген, жұмыс істейтін әйелдерге арналған.
Ипотека шарты
- бастапқы жарна – ірі қалаларда тұрғын үй құнының 20%-ынан, өңірлерде 15%-ынан басталады;
- несиенің ең жоғары сомасы – 50 миллион теңгеге дейін;
- мерзімі – алты айдан 25 жылға дейін.
Банк әзірге нақты пайыз мөлшерлемесін жариялаған жоқ. Ресми мәлімет бойынша, алғашында мөлшерлеме шамамен 15% болып, кейін 3,5–5% төмендеуі мүмкін. Бағдарлама аясында әйелдер екіге дейін тең қарыз алушыны қоса алады. Сонымен қатар бастапқы жарнаны төлеу үшін зейнетақы жинағын пайдалануға мүмкіндік бар.
Қандай тұрғын үй сатып алуға болады?
Бағдарлама арқылы:
- жаңадан салынып жатқан немесе қолданысқа берілген жаңа тұрғын үйді (Қазақстан тұрғын үй компаниясының кепілдігі болған жағдайда);
- 2016 жылдан кейін салынған қайталама нарықтағы пәтерді сатып алуға болады.
Сонымен қатар «Ұмай» бағдарламасы тек алғашқы баспананы сатып алуға емес, тұрғын үй жағдайын жақсартып, екінші немесе үшінші пәтер алуға да мүмкіндік береді.
Қатысушылар қалай іріктеледі?
Іріктеу балдық жүйе бойынша жүреді.
Отбасы банкіндегі депозитін ұзақ уақыт жинаған және салымы бойынша көбірек сыйақы алған әйелдерге басымдық беріледі.
Студент шәкіртақысын табыс деп есептеп, ипотека алуына бола ма? Мына жерден оқыңыз.
