Әлеуметтік желілерде Астанадағы қонақүйлердің бірінде нәресте туып, оны кәріз жүйесіне тастап кеткен әйел жайлы ақпарат тараған еді. Нәресте шала туған. Қазір осы дерек бойынша полиция сотқа дейінгі тергеу амалын жүргізіп жатыр. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Тhreads қолданушысы Әсел Татаровнаның үйінің іргесіне бірнеше жыл бұрын қонақ үй салынған. Нысан құрылыс талабы сай емес. Тhreads қолданушысының сөзіне қарағанда, осы қонақ үйге келген әйелдердің бірі жүктілігінің алтыншы айында бала босанып, нәрестені дәретханаға тастаған. Тұрғындар қонақ үйге келушілер түнгі уақытта шулайтынын айтып, полицияға бірнеше рет шағымданған.


Қонақ үйге қатысты 19 шағым түскен
Полицияның мәліметінше, қонақ үй кәрізінен табылған сәбиге қатысы бар күдікті ұсталды. Күдікті — 29 жастағы әйел. Биыл осы қонақүйден «102» қызметіне жалпы 19 шағым мен шақырту түскен. Түнде тыныштықты бұзғаны үшін 13 адам, ал қоғамдық тәртіпті бұзғаны үшін тағы үш адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Сонымен қатар қонақ үй иесіне де құқық бұзу әрекетінің себебін жою міндеттелді. Қазір учаскелік инспекторлар бұл нысанды тұрақты бақылауға алды.
