Қазақстанда 2026 жылдың алғашқы жартыжылдығында азық-түлік өндірісі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 14,7%-ға, ал сусындар өндірісі 4,4% артты. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Бірқатар өнім түрінің өндірісі көбейді
Үкімет мәліметінше, биыл негізгі азық-түлік санаттарының басым бөлігінде өндіріс көлемі ұлғайған.
Атап айтқанда:
- ет;
- шұжық өнімдері;
- өсімдік майы;
- сары май;
- ірімшік пен сүзбе;
- қышқыл сүт өнімдері;
- жармалар;
- макарон өнімдері;
- күріш;
- кондитерлік өнімдер;
- өңделген көкөністер өндірісі артқан.
Үкіметтің мәліметінше, бүгінде Қазақстанның ішкі нарығы негізгі азық-түлік тауарлары бойынша 80–100% деңгейінде отандық өніммен қамтамасыз етіліп отыр.
Өз өндірісінің көлемін ұлғайту ел ішіндегі бағаны ұстап тұруға және нарықты импортқа тәуелділіктен қорғауға тікелей ықпал етеді, – делінген үкімет хабарламасында.
Импортқа тәуелді алты өнім
Сонымен қатар елімізде импортқа тәуелді болып отырған алты негізгі өнім санаты бойынша жұмыс жалғасып жатыр.
Олар:
- құс еті;
- балық;
- шұжық өнімдері;
- ірімшік;
- қант;
- алма.
Бағаны тұрақтандыру шаралары
Үкімет азық-түлік бағасын тұрақтандыру үшін ірі сауда желілерімен тұрақты кездесулер өткізіп келеді. Сонымен қатар өңірлерде фермерлік жәрмеңкелер ұйымдастырылып жатыр. Онда ауыл шаруашылығы өнімдері өндірушілерден тікелей сатылып, нарықтағы бағадан 15–20%-ға арзан ұсынылады.
Үкіметтің мәліметінше, бұл шаралар алыпсатарлық үстемеақылардың алдын алып, халықты қолжетімді бағамен азық-түлікпен қамтамасыз етуге бағытталған.
