Басты бет / Жаңалықтар /
Алакөл
Фото: Жетісу облысы ТЖД

ІІМ: Шомылу маусымы басталғалы 69 бала суға батып, қаза болды

Ішкі істер министрлігі ата-аналарды балаларды су айдындарының маңында қараусыз қалдырмауға шақырды. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

Ведомствоның мәліметінше, шомылу маусымы басталғалы бері елімізде 69 бала суға батып қаза болған.

Қайғылы оқиғалардың көбі рұқсат етілмеген жерде болған

ІІМ мәліметіне сәйкес, балалардың суға кету фактілерінің басым бөлігі шомылуға рұқсат етілмеген және арнайы жабдықталмаған су айдындарында тіркелген.

ІІМ профилактикалық жұмысты үйлестіру комитетінің төрағасы Арман Саданов азаматтарды тек арнайы жабдықталған жағажайларда демалуға шақырды.

Қауіпсіздік мақсатында тек арнайы жабдықталған жағажайларда шомылыңыздар, балаларды су айдындарының маңында қараусыз қалдырмаңыздар және оларға бейтаныс жерлерде шомылудың қауіпті екенін түсіндіріңіздер, – деді ол.

Ведомство аптап ыстықтан кейін бірден салқын суға түспеуге және судағы қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауға кеңес берді. Сонымен қатар ІІМ тыйым салынған орындарда шомылғаны үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылғанын еске салды.

2 700-ден астам адам жауапқа тартылған

Министрліктің мәліметінше, жыл басынан бері тыйым салынған жерлерде шомылғаны үшін 2 700-ден астам адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

Арман Саданов ата-аналарға балалардың қауіпсіздігі ең алдымен өз жауапкершілігінде екенін еске салып, сақтық шараларын қатаң сақтауға шақырды.

Мақала туралы ойыңыз?

Instagram парақшамызға жазылыңыз

Instagram