Еуропадағы өлім-жітім мониториңінің (EuroMOMO) мәліметінше, 22-28 маусым аралығында әдеттегіден 10 мыңға артық адам өлімі тіркелген. Қайтыс болғандардың басым бөлігі — 65 жастан асқан қарттар. Әсіресе, Франция мен Бельгиядағы адам өлімі өте жоғары деңгейге жеткен. Әлеуметтік желіде аптап ыстықтан тас жол еріп жатыр деген ақпарат та тарады. Осыған орай, Baribar.kz тілшісі Еуропада электрик болып жұмыс істейтін Абылайхан Тасболатовпен әңгімелесіп, Франциядағы ыстық туралы сұрады.
«Мата бетпердені сулап, тағып жұмыс істедім»
Абылайхан бір апта бұрын іс сапар бойынша Францияның сүлтостігінде орналасқан Дурлер аймағына барған. Бельгия шегарасына жақын орналасқан Дурлерде 43 градус ыстық болған. Ол күннің аптап ыстығы мен жоғары ылғал деңгейі адамға өте жағымсыз әсер ететінін айтты.
Мен Түркістан облысы Кентау қаласынанмын. Сондықтан мұндай аптап ыстық маған бұрыннан таныс болды. Мата бетпердені сулап, тағып алдым. Жұмыс беруші ішетін су әкеліп берді. Әдетте күніне екі рет үзіліске шығатын едік. Ыстық ауа райына байланысты жұмыс арасындағы үзілісті көбейтіп, ыстық аумақтағы жұмыстарды тоқтатты, — дейді Абылайхан Тасболатов.

«Салқындатқыш орнату үшін рұқсат алу қиын, талап қатаң»
Абылайханның сөзіне қарағанда, Францияда салқындатқыш қою үшін көршіден рұқсат алу керек. Ол қабырғаға орнатуды қажет етпейтін мобайл салқындатқышты қолданады.
Әлеуметтік желіде Еуропадағы ыстық туралы әртүрлі ақпарат тарады. Біз көлікпен жолға шықтық. Тас жол еріп, көліктің дөңгелегі жабысып жатқанын көрмедім. Ал ыстықтан қайтыс болған адамдар бар дегенді жергілікті халықтан, жаңалықтардан естідім. Дегенмен мен жұмыс істеген жерде күнге күйіп, ауруханаға түскен жұмысшыларды кездестірмедім. Бір қызығы, бұл жақта салқындатқыш (кондиционер) орнатуға рұқсат алу қиын. Заң мен талап қатаң. Алдымен көршіден рұқсат алып, сыртқа қатты дыбыс шықпауын қадағалау керек. Мен қонақүйде жатамын. Бізге қабырғаға орнатуды қажет етпейтін мобайл салқындатқыш әкеліп берді, — дейді ол.
Францияға қыдырып келетіндер ауа райын алдын ала қарауы керек
Абылайханның айтуынша, Франциядағы 36 градус пен Қазақстандағы 36 градус ыстық екі түрлі болып сезіледі.
Жазда Францияға немесе басқа да Еуропа елдеріне қыдырып келетін Қазақстан азаматтарына айтарым, ауа райы болжамын алдын ала қарап, ойланып келу керек. Ал мен аяқ астынан іс сапар бойынша пойызбен жолға шығып, сапарымды алдын ала жоспарламадым. Маған жазғы Франция мүлдем ұнамады. Мен барған кезде Парижде 36 градус ыстық болса, кейін сынап бағаны 43 градусқа дейін көтерілді. Бұл жақтағы 36 градусты Қазақстандағы 36 градус ыстықпен салыстыруға келмейді. Өте ерекше ыстық екен. Соған қарамастан туристер Парижге тоқтаусыз келіп жатты, — дейді Абылайхан Тасболатов.
Айта кетейік, денсаулық сақтау министрлігі аптап ыстық кезінде күн өту адам өміріне қауіп төндіруі мүмкін екенін ескертіп, тұрғындарды сақтық шараларын қатаң сақтауға шақырды.
