18 шілдеден бастап Қазақстанда цифрлық теңге ресми түрде қолданысқа енеді. Осы күннен бастап ол қолма-қол және онлайн төлемдермен қатар ұлттық валютаның заңды төлем құралы мәртебесіне ие болады. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Жаңа жүйе бойынша, цифрлық теңгемен жасалатын барлық операциялар Қазақстан Ұлттық банкінің цифрлық платформасы арқылы жүзеге асады. Азаматтар цифрлық шот ашу үшін банк немесе басқа төлем қызметін ұсынушы арқылы өтініш береді. Банктер өз мобильді қосымшаларында цифрлық әмиян ашу мүмкіндігін ұсынуға міндетті.
Цифрлық теңгені тек Ұлттық банк шығарып, айналымнан шығара алады. Оны тікелей қолма-қол ақшаға айырбастау мүмкін емес. Алдымен цифрлық теңге банк шотына аударылып, содан кейін ғана қажет болған жағдайда қолма-қол ақшаға ауысады.
Цифрлық теңгенің басты ерекшелігі – әрбір цифрлық бірлікке арнайы сәйкестендіру белгісі беріледі. Бұл ақша қозғалысын бақылауға мүмкіндік беріп, экономикадағы олқылықты азайтуға және бюджет қаражатының жұмсалуын ашық етуге бағытталған.
Цифрлық әмиян ашу азаматтар үшін міндетті емес. Оны пайдалану әр адамның өз еркінде болады.
