Басты бет / Жаңалықтар /
Жұмыс, кеңсе, мамандық
Иллюстрация: Dribbble.com/©Magda

Еңбек нарығында қандай мамандарға сұраныс жоғары?

Маусым айында Enbek.kz электрондық еңбек биржасында жұмыс берушілер 108,7 мың бос жұмыс орнын жариялады. Ал жұмыс іздеушілер 126,7 мың түйіндеме жүктеген. Мамыр айымен салыстырғанда бос жұмыс орнының саны 25,4%, ал түйіндеме саны 38,3% өскен. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

Сарапшылардың мәліметінше, еңбек нарығы мамыр айындағы мерекелерге байланысты болған демалыстан кейін қайта жандана бастаған. Сонымен қатар еңбек нарығына колледждер мен жоғары оқу орындарының түлектерінің шығуы да жұмыс іздеушілер санының артуына ықпал еткен.

Салалар бойынша ең көп сұраныс білім беру саласында тіркелді. Бұл бағытта 19,2 мың бос жұмыс орны жарияланған. Сонымен қатар қызмет көрсету саласында – 16,5 мың, ауыл, орман және балық шаруашылығында – 12,1 мың, денсаулық сақтау және әлеуметтік қызмет көрсету саласында – 9,5 мың, құрылыс саласында – 8,4 мың, өңдеу өнеркәсібінде 7,3 мың бос жұмыс орны ұсынылған.

Өңірлер арасында ең көп бос жұмыс орны Түркістан облысында (12,3 мың) жарияланған. Одан кейін Астана қаласы (8,5 мың), Жамбыл облысы (7 мың) және Қарағанды облысы (6,7 мың) бар.

Біліктілік деңгейіне қарай қарағанда, орта біліктілікті және төмен біліктілікті мамандарға сұраныс шамалас болған. Екеуі де барлық вакансиялардың 37-38%-ын құрайды. Бұл ауыл шаруашылығы мен құрылыс салаларындағы маусымдық жұмыстардың көбеюімен байланысты. Ал жоғары білікті мамандарға сұраныс барлық вакансиялардың 25%-ын құрады.

Маусым айында жарияланған 126,7 мың түйіндеменің басым бөлігін 35 жасқа дейінгі жастар ұсынған. Олар барлық жұмыс іздеушілердің 49%-ын құрайды. 35-44 жас аралығындағы азаматтар – 25%, 45-54 жас17%, ал 55 жастан асқандар9%. Гендерлік құрам бойынша жұмыс іздеушілердің 55%-ы әйелдер, 45%-ы ерлер болған.

Жұмыс іздеушілердің біліктілік деңгейі де жұмыс берушілер сұранысына ұқсас қалыптасты. Түйіндемелердің 37%-ы орта біліктілікті мамандарға, 33%-ы жоғары білікті мамандарға, ал 30%-ы төмен біліктілікті қызметкерлерге тиесілі.

Ұсынылған ең жоғары жалақысы бар бос жұмыс орындарының қатарында дивизион директоры (шамамен 1,98 млн теңге), басқарма басшысының орынбасары (шамамен 1,38 млн теңге) және ұңғыма инженері (шамамен 1,31 млн теңге) бар.

Ал жұмыс іздеушілер арасындағы ең жоғары жалақы ұшқыштарда (шамамен 3,4 млн теңге), жүйелік архитекторларда (шамамен 2,5 млн теңге) және хирург дәрігерлерде (шамамен 2 млн теңге) тіркелген.

Жыл басынан бері Enbek.kz платформасында 604,4 мың бос жұмыс орны мен 736 мың түйіндеме жарияланған.

Мақала туралы ойыңыз?

Instagram парақшамызға жазылыңыз

Instagram