Желіде бітіру кешінде дипломын жыртқан түлектің бейнежазбасы тараған еді. Қоғамның қызу талқысынан кейін халықаралық бизнес және коммуникация колледжі студенттің атынан ресми мәлімдеме жариялады. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Мәлімдемеде түлек ұстаздардан, колледж әкімшілігінен және желі қолданушыларынан кешірім сұрады.
Сонымен қатар түлек ресми дипломның бүлінбегенін айтты.
Ресми дипломға ешқандай зақым келген жоқ. Бейнежазба үшін оның көшірмесін алдын ала дайындадым. Бұл әрекетімде колледж бен алған біліміме құрметсіздік таныту ниеті болған жоқ, – деді ол.
Мәлімдеме соңында түлек болған жағдайға өкінетінін айтып, мұндай әрекет енді қайталанбайтынын жеткізді.
Колледж мәлімдемені жариялағаннан кейін пікір қалдыру мүмкіндігін шектеді.
Желі қолданушыларының басым бөлігі түлектің бұл әрекетін білімге, оқытушылардың еңбегіне және оқу орнына деген құрметсіздік деп бағалады. Ал кейбірі студенттің мұндай қадамға не себепті барғаны белгісіз екенін айтып, асығыс қорытынды жасамауға шақырды.
