Жамбыл облысының Мойынқұм аудандық соты мектепте буллиң жасаған оқушының анасын әкімшілік жауапққа тартты. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Жамбыл облыстық сотының мәліметінше, мамыр айында Мойынқұм ауданындағы мектептің бірінде 9-сынып оқушысы 8-сыныпта оқитын бірнеше балаға қысым көрсетіп, олардан ақша талап еткен.
Оқиғадан кейін полиция әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 127-2-бабының 3-бөлігі бойынша оқушының анасына қатысты әкімшілік хаттама рәсімдеген.
Сот отырысында әйел өзіне тағылған заңсыздықты мойындап, мұндай жағдайдың енді қайталанбауы үшін амал қылатынын жеткізді. Мемлекеттік айыптаушы оған 10 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) көлемінде айыппұл салуды сұрады.
Сот істі қарау барысында жауапкершілікті жеңілдететін де, ауырлататын да мән-жайды анықтамаған. Әйел кінәлі деп танылып, оған 10 АЕК, яғни 43 мың теңге көлемінде айыппұл салынды.
