Көптеген ата-ана баласының көкөніс пен жеміс жемейтініне алаңдайды. Тіпті кейбір балалар тек макарон, нан, картоп сияқты бірсарынды тағамдарды ғана жақсы көреді. Мамандардың айтуынша, мұндай жағдай жиі кездеседі. Өйткені балалардың тәттіге әуестігі ерте жастан қалыптаса бастайды. Тіпті ана сүті құрамындағы табиғи қант оның дәмін тәттілеу етеді.
Дегенмен бала денсаулығына жеміс-жидек пен көкөніске бай, алуан түрлі тағаммен тамақтануы өте маңызды. Дұрыс тамақтанбау ойлау қабілетіне, зейініне, мінез-құлқы мен оқу үлгеріміне кері әсер етуі мүмкін. Ғалымдар балалардың дұрыс тамақтану әдетін қалыптастырудың жаңа жолдарын зерттеп келеді және бірнеше тиімді әдісті анықтады.
Көкөністі жиі ұсыныңыз
Ұлыбританиядағы Лидс университетінің биопсихология профессоры Мэрион Хезерингтонның айтуынша, балаға ерте жастан әртүрлі көкөністерді жиі таныстыру оның көкөністі жақсы көруіне ықпал етеді. Бұған ең қолайлы кезең – мектепке дейінгі жас.
«Бес жасқа дейін баланың көкөністермен танысу тәжірибесін көбейтпесеңіз, кейін оны өзгерту әлдеқайда қиын болады. Әрине, бастапқыда оңай болмайды, оған көп күш қажет», – дейді ғалым Мэрион Хезерингтон.
Зерттеулер баланың жаңа тағамды қабылдауына оны бірнеше рет қайталап ұсыну қажетін көрсетті.
Бұл, тіпті сәби дүниеге келмей тұрып-ақ басталады. Зерттеулер анасының жүктілік кезінде жеген тағамдарының дәмі қағанақ сұйықтығы арқылы ұрыққа жетіп, баланың алдағы уақытта тағам талғамына әсер етуі мүмкін екенін көрсетеді.
Ғалымдар жаңа тағамды нақты қанша рет ұсыну қажет екені жөнінде ортақ пікірге келген жоқ. Кей зерттеулерде 5 рет жеткілікті десе, басқалары 15 ретке дейін ұсыну қажет екенін айтады. Бұл әр баланың ерекшелігіне байланысты.
Бір жасқа дейінгі балалар жаңа тағамды тезірек қабылдайды. Ал 3–4 жастағы балалар жаңа тағамнан (неофобия) жиі бас тартып жатады, сондықтан оларға көбірек уақыт қажет болуы мүмкін.
Көкөністі тамақтан бұрын ұсыныңыз
Балаларға тағамның «пайдалы» екенін айтып түсіндіру әрдайым сәтті бола бермейді. Керісінше, зерттеулер балалардың «пайдалы» деп сипатталған тағамнан гөрі «дәмді» деп ұсынылған тағамды көбірек таңдайтынын көрсетеді.
Сондықтан көкөністі қалай ұсынатыныңыз ғана емес, оны қашан беретініңіз де маңызды.
Мамандардың айтуынша, көкөністі тамақтан бұрын, баланың қарны аш кезде ұсынған дұрыс. Бұл кезде оның көкөністі жеу ықтималдығы жоғары болады.
Лидс университетінің биопсихология профессоры Мэрион Хезерингтон:
«Балалар көбіне өзіне ұнайтын тағамды бірінші жейді. Ал жеміс-жидек пен көкөніске тәбеті тартпай қалады», – дейді профессор Мэрион Хезерингтон.
Сондықтан көкөністі бірінші беру арқылы оны калориясы жоғары басқа тағамдармен «бәсекеге» түсірмеуге болады.
АҚШ-тағы Пенсильвания мемлекеттік университетінің тағамтану ғылымдарының профессоры Барбара Роллстың айтуынша, тамақтануды көкөніс жеп бастау балалардың артық тамақтануының алдын алуға да көмектеседі.
Таңғы асқа көкөніс қосудың пайдасы мол. Мысалы:
- омлетке саңырауқұлақ пен шпинат қосуға;
- таңғы асқа арналған кекске (маффинге) кәді (цуккини) араластыруға болады.
2023 жылы Ұлыбританиядағы сегіз балабақшада жүргізілген зерттеу барысында балаларға таңғы ас кезінде көкөніс ұсынылған. Нәтижесінде көкөністі олардың 60 пайыздан астамы жегені анықталған.
Пайдалы тағамдар үлесін арттырыңыз
Таңғы асқа немесе негізгі астың алдында көкөніс ұсыну сізге ыңғайсыз болса, тағы бір қарапайым тәсіл бар. Ол үшін тәрелкедегі тағамдар үлесін өзгертіп, калориясы жоғары өнімдер орнына көкөніс мөлшерін көбейту жеткілікті.
Мұның бірнеше жолы бар:
- көкөністі гарнир ретінде көбірек беру;
- сәбіз, кәді (цуккини) сияқты көкөністерді үккіштен өткізіп, тұздықтарға, сорпаға немесе басқа тағамдарға қосып беру.
Зерттеулер адамдардың күнделікті жейтін тағам көлемі өзгермейтінін, бірақ тәрелкедегі көкөніс мөлшері артқан сайын оны көбірек тұтынатынын көрсетеді. Балалар тәрелкесіндегі жеміс пен көкөніс үлесін 50 пайызға арттыру да олардың осы өнімдерді көбірек жеуіне ықпал еткені анықталған.
Бұдан бөлек, зерттеулер мектепке дейінгі жастағы балалар тамақтану кезінде алдында көкөністің бірнеше түрі тұрса, олардың көкөністі көбірек, ал пайдалы емес тағамдарды азырақ жейтінін көрсеткен.
Көкөністі ұсыну тәсілін өзгертіңіз
Баланың тағамды қалай қабылдайтынына оның сыртқы көрінісі де әсер етеді.
Бірнеше тағамды таңдау берілсе, балалар көбіне өзіне таныс әрі тартымды көрінетін тағамды таңдайды.
Сондықтан көкөністі ұсыну тәсілін өзгерту оның көбірек желінуіне ықпал етуі мүмкін.
Зерттеушілердің бірі балаларға жаңа тағамды тәрелкеде әдемілеп, безендіріп ұсынғанда, олардың оны жеуге ықыласы артқанын анықтады.
Басқа зерттеулер де осыны растайды. Мысалы, жеміс пен көкөністі көбелек, гүл немесе қонжық сияқты қызық пішіндерге келтіріп ұсынғанда, балалар оларды көбірек жейді. Бұл пайдалы тағамды көңілді әрі тартымды етіп көрсету оның тартымдылығын арттыратынын көрсетеді.
Зерттеулер пайдалы тағам көзге бірден түсетін әрі алуға ыңғайлы жерде тұрса, балалар оны жиірек таңдайтынын көрсеткен.
Ал мектепке дейінгі жастағы балаларға көкөністер тәрелкенің әр бөлігіне жеке-жеке ұсынылғанда, олардың көкөніс тұтынуы 36 пайызға артқаны анықталған.
Отбасымен бірге тамақтаныңыз
Балалардың тамақтану әдетінің қалыптасуына ата-ананың өзі үлгі бола алады. Ата-аналар пайдалы емес жеңіл тағамдарды жиі жесе, балаларының да сол әдетті қайталау ықтималдығы жоғары.
Сол сияқты фастфуд жиі тұтынатын немесе таңғы ас жемейтін ата-аналардың балалары да осындай әдетке бейім келеді.
Жаңа Зеландияда мектеп оқушылары арасында жүргізілген зерттеу дұрыс тамақтанатын ата-аналардың балалары торт, шоколад және басқа да тәтті немесе тұзды жеңіл тағамдарды азырақ тұтынатынын көрсетті.
Басқа зерттеулер де дұрыс тамақтанатын ата-ананың балалары жеміс пен көкөністі көбірек ұнататынын анықтаған.
Аптасына кемінде үш рет отбасы болып бірге тамақтану дене салмағының қалыпты болуына, дұрыс тамақтану дағдысының қалыптасуына және балалардың пайдалы тағамды жиірек таңдауына ықпал етеді. Әсіресе, ата-аналардың өзі де дұрыс тамақтанса, бұл балаға да жақсы әдет болып қалыптасады.
Тамақтануды қызық ойынға айналдырыңыз
Зерттеушілер балаларды белгілі бір тағамды жеуге мәжбүрлеу оның сол тағамнан ләззат алуын азайтып, жалпы дұрыс тамақтану әдетінің қалыптасуына кері әсер етуі мүмкін екенін айтады. Сол сияқты, баланы тәтті немесе майлы тағаммен «марапаттау» оның дәл осындай өнімдерге әуестігін арттырады.
Ал балаларға тағам таңдауға еркіндік беру, керісінше, жаңа тағамнан қорқуды (тағам неофобиясы) азайтуы мүмкін.
Бір зерттеуде ғалымдар балалардан қызылша, ноқат және пак-чой сияқты өздеріне бейтаныс өнімдерді міндетті түрде жеп көруді талап етпеген. Оның орнына балаларға оларды қолмен ұстап көргізіп, иіскетіп әрі мұқият қаратқан.
Нәтижесінде балалар жаңа өнімдердің дәмін татып көруге дайын болған.
Зерттеу балаларды тамақ әзірлеуге қатыстыру олардың бұрын жеп көрмеген тағамдарын жеуге әуестігін арттыратынын көрсетті.
Зерттеуге қатысқан экспериментал аспаз Жозеф Юссефтің айтуынша, ең бастысы – баланың тағамға көзқарасын өзгерту.
«Ойын элементтері мен сезім мүшелері арқылы тағаммен танысу балаларға өте тиімді. Ешқандай қысым көрсетілмейтін, еркін әрі жайлы орта болса, балалар тағаммен ойнауға, оның дәмін көруге және жаңа өнімдерді байқап көруге әлдеқайда ықыласты болады», – дейді Жозеф Юссеф.
Мамандардың айтуынша, осындай қарапайым тәсілдер уақыт өте келе баланың тек ұн, тәтті өнімдерді ғана емес, түрлі-түсті көкөністерді де сүйсініп жеуіне көмектесуі мүмкін.
