Алматы хайуанаттар бағында Қызыл кітапқа енген керқұланның (Пржевальский жылқысы) Құрбанкүл атты биесі құлындады. Жаңа туған құлынға Желмая деген ат берілді. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Сирек кездесетін жануардың екінші төлі
Желмая – Құрбанкүлдің екінші төлі. Мамандардың айтуынша, бұл құлынның дүниеге келуі ерекше маңызға ие.
Керқұлан Қазақстан Республикасының Қызыл кітабына және табиғатты қорғаудың халықаралық одағының (IUCN) Қызыл тізіміне енгізілген. Ол әлемде сақталған жалғыз жабайы жылқы түрі. Хайуанаттар бағында бұл жануардың төлін алу оның генетикалық әртүрлілігін сақтап, тұрақты популяция қалыптастыруға бағытталған халықаралық табиғат қорғау бағдарламасының маңызды бөлігі.
Мамандар: Бұл – ұзақ жылғы еңбектің нәтижесі
Алматы хайуанаттар бағы директорының зооветеринариялық бөлім жөніндегі орынбасары Ағыбай Әжібаевтың айтуынша, әрбір құлынның дүниеге келуі – мамандардың көп жылғы еңбегінің жемісі.
Пржевальский жылқысының әрбір құлынының дүниеге келуі – мамандарымыздың ұзақ жылғы қажырлы еңбегінің нәтижесі. Жануарларға барынша қолайлы жағдай жасалып, жұптар халықаралық асыл тұқымды бағдарлама ұсынымдарына сәйкес іріктеледі. Әрбір құлынның аман-есен дүниеге келуі әлемде сақталып қалған жалғыз жабайы жылқы түрін қорғауға үлес қосып отырғанымызды көрсетеді, – деді ол.
Жануарлардың тыныштығын сақтау үшін керқұлан отбасы келушілерге жабық арнайы аймақта ұсталады. Қазір Құрбанкүл, құлын Желмая және айғыр Мерей мамандардың тұрақты бақылауында. Биенің де, құлынның да жағдайы жақсы, төл қалыпты дамып келеді.
Алматы хайуанаттар бағы сирек кездесетін және жойылып кету қаупі бар жануарларды сақтау жөніндегі халықаралық бағдарламаларға қатысады. Олардың қатарында ақбөкен, ақ аю, ақиық қыран және керқұлан бар.
