Жазғы демалыс десе, көпшілік алдымен Алакөл, Бурабай немесе Қапшағай жағалауын елестетеді. Бұл бағыттар бұрыннан жазғы туризмнің дамыған орны. Алайда ресми статистика бойынша, биыл жазда елдегі ең танымал туризм бағыты жағажай емес, таулы курорттар екен. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Energyprom мәліметінше, 2026 жылғы бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша, қызмет көрсетілген туристер саны жағынан Алматы тау-курорт аймағы көш бастады. Қаңтар-наурыз айында мұнда 509 мыңнан астам адам демалған. Бұл екінші орында тұрған Щучье-Бурабай курорт аймағынан шамамен 4,5 есе көп. Одан кейін Маңғыстау, Түркістан және Алтай курорт аймағы бар. Бұл көрсеткіш тауда демалуға деген әуестік тек қыс мезгілінде емес, жыл бойы артып келе жатқанын аңғартады.
Былтыр сәуір мен қыркүйек айының аралығында Алматы тау-курорт аймағында 1,6 миллион турист демалған. Бұл елдегі барлық курорт аймағына келген туристердің 54%-ынан асады және өзге бағыттардың көрсеткішінен бірнеше есе жоғары. Салыстырмалы түрде осы кезеңде Щучье-Бурабай аймағында 295 мың, ал Маңғыстау курорт аймағында 255 мың туриске қызмет көрсетілген.
Таулы курорттар шетелдік туристер үшін де ерекше бағытқа айналды. Биылғы жылдың алғашқы үш айында Алматы тау-курорт аймағында 131 мыңнан астам шетелдік қонақ демалған. Нәтижесінде Қазақстанның курорт аймағын тамашалаған шетелдік туристердің шамамен 95%-ы осы өңірге келген.
Неліктен жазда таудағы демалысқа сұраныс артады?
Сарапшылар мұны бірнеше фактормен байланыстырады. Ең алдымен, таудағы ауа райы жаздың аптап ыстығында әлдеқайда салқын әрі жайлы болады. Сонымен қатар қазір таулы курорттар тек серуендеуге арналған орын емес. Мұнда веложолдар, бассейн, SPA-орталықтар, атпен серуендеу, арқан саябақтары, аспалы жолдар, глэмпиңдер мен балаларға арналған ойын-сауық алаңы жұмыс істейді. Сондықтан таудағы демалыс саяхатшыларға да, балалы отбасыларға да, тыныш табиғат аясында уақыт өткізгісі келетіндерге де қолайлы.
Ірі қала тұрғындары бірқатар тау курортына бір жарым сағатта жете алады. Бұл тек ұзақ демалыста емес, демалыс күндері де табиғатқа шығып қайтуға мүмкіндік береді.
Жыл бойы жұмыс істейтін курорттарға сұраныс артып келеді
Турист санының көбеюі инфрақұрылымның дамуына да себеп болып отыр. Бұрын инвестицияның басым бөлігі қысқы маусымға бағытталса, қазір көп курорт жыл бойы турист қабылдауға бейімделіп келеді.
Соның бірі – Oi-Qaragai тау курорты. Биыл жыл басында курортты дамытуға арналған инвестиция келісімі мақұлданып, жобаға 57,2 млрд теңге инвестиция тарту жоспарланды.
Қазір курортта жаяу серуенге арналған бағыт, веложолдар, арқан саябағы, атқа мініп серуендеу, бассейн, SPA-аймақтар, қонақүй, шале және глэмпиңдер жұмыс істейді. Сонымен қатар жазғы балалар лагері ұйымдастырылып, маусым бойы фестивальдер өтеді. Қазақстан азаматтарына арналған «Отан» тарифі арқылы 20% жеңілдік алуға болады.
Oi-Qaragai-дан бөлек, Шымбұлақ және Алматы мен Шығыс Қазақстан облысындағы басқа да тау курорттары жазғы инфрақұрылымды дамытып жатыр.
***
Тағы оқыңыз:
