Қазақстанда минералды су мен алкогольсіз сусын өндірісі қарқынды өсіп келеді. Алайда өндіріс көлемінің ұлғаюына қарамастан, өнім бағасы төмендемей, керісінше қымбаттап жатыр. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Өндіріс көлемі 19 пайызға жуық артты
EnergyProm мәліметінше, 2026 жылғы қаңтар–мамыр айларында қазақстандық кәсіпорындар 1,7 миллиард литр минералды су мен алкогольсіз сусын өндірді. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 18,9% көп.
Өндірілген өнімнің:
- 320,8 миллион литрі – минералды және қантсыз газдалған су;
- 1,4 миллиард литрі – өзге алкогольсіз сусындар.
Бір жыл ішінде минералды су өндірісі 6,3%-ға, ал басқа алкогольсіз сусындар өндірісі 22,2% өскен.
10 жылда өндіріс бірнеше есе көбейді
Кейінгі 10 жылда Қазақстандағы сусын өндірісі айтарлықтай артқан. Егер 2016 жылы елде 595,8 млн литр минералды су мен алкогольсіз сусын өндірілсе, биыл бұл көрсеткіш 1,7 миллиард литрге жетті.
Ішкі сұраныс өндірістен жылдам өсіп жатыр
Сарапшылардың мәліметінше, өндірістің өсуіне қарамастан, ішкі нарықтағы сұраныс одан да жоғары қарқынмен артып келеді. Биылғы қаңтар–сәуір айларында қазақстандық өндірушілер ішкі сұраныстың 88,8%-ын ғана қамтамасыз еткен. Өткен жылы бұл көрсеткіш 90,3% болған.
Осы кезеңде Қазақстанға 164,3 миллион литр минералды су мен алкогольсіз сусын импортталып, бір жылда 39,8% артқан. Соның нәтижесінде импорттың нарықтағы үлесі 9,7%-дан 11,2%-ға дейін өсті. Ал экспорт, керісінше, 6,5% төмендеп, 127,7 миллион литрді құрады. Ішкі нарықтағы сату көлемі болса 24,7% өсіп, 1,3 млрд литрге жеткен.
Баға өсімі тоқтаған жоқ
Маусым айының қорытындысы бойынша Қазақстанда:
- ауыз су – 16,9%-ға;
- салқындатқыш сусындар – 15,6%-ға;
- басқа алкогольсіз сусындар – 16%-ға қымбаттаған.
Ең жоғары баға өсімі Павлодар облысында тіркелді. Мұнда бір жыл ішінде:
- ауыз су – 29%-ға;
- салқындатқыш сусындар – 46,6%-ға;
- басқа алкогольсіз сусындар – 46,7%-ға қымбаттаған.
Ал ең төмен баға өсімі Жамбыл облысында, Алматыда және Шымкентте байқалды.
Ең көп қымбаттаған өнім – энергетикалық сусын
Жекелеген өнімдердің ішінде баға ең көп өскені – энергетикалық сусындар. Бір жылда олардың құны 19,6% артқан.
Сонымен қатар:
- минералды су – 17,7%-ға;
- газдалған сусындар – 16,3%-ға;
- ауыз су – 15%-ға;
- газдалмаған сусындар – 12,5%-ға қымбаттаған.
Сарапшылардың пікірінше, өндірістің рекордтық өсіміне қарамастан, ішкі сұраныстың жоғары болуы мен импорт көлемінің ұлғаюы минералды су мен алкогольсіз сусындардың арзандауына мүмкіндік бермей отыр.
