Денсаулық сақтау министрлігі аптап ыстық кезінде күн өту адам өміріне қауіп төндіруі мүмкін екенін ескертіп, тұрғындарды сақтық шараларын қатаң сақтауға шақырды. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Күн өту неліктен қауіпті?
Ведомствоның мәліметінше, күн өту – ағзаның қатты қызып кетуі салдарынан дене температурасын қалыпты деңгейде ұстап тұру қабілеті бұзылатын қауіпті жағдай.
Министрліктің хабарлауынша, дер кезінде медициналық көмек көрсетілмесе, күн өту мидың, жүректің, бүйректің және басқа да өмірлік маңызды ағзалардың зақымдалуына әкелуі мүмкін. Ауыр жағдайда бұл адам өліміне себеп болуы ықтимал.
Күн өтудің негізгі белгілері
Мамандардың айтуынша, күн өтудің негізгі белгілері:
- дене қызуының көтерілуі;
- қатты әлсіздік;
- бас ауруы;
- бас айналу;
- жүрек айну;
- сананың шатасуы;
- естен тану.
Егер осы белгілер байқалса, дереу жедел жәрдем шақырып, зардап шеккен адамды салқын жерге апарып, денесін салқындатуды бастау қажет.
Аптап ыстықта қалай сақтануға болады?
Денсаулық сақтау министрлігі тұрғындарға:
- күннің ең ыстық уақытында ұзақ уақыт сыртта жүрмеуге;
- жеткілікті мөлшерде су ішуге;
- жеңіл әрі ашық түсті киім киюге;
- міндетті түрде бас киім тағуға кеңес береді.
Мамандар әсіресе балаларға, қарттарға және созылмалы ауруы бар адамдарға аптап ыстық кезінде ерекше сақ болуға шақырды.
