Хош иісті кофе ішіп, кітап оқу — әдемі көрініс, эстетика. Кейінгі кезде кофейнялар көбейіп, кофе ішетіндердің саны артып жатыр. Тіпті таңертең ояған сәтте бірден кофе ішкенді жақсы көретін адамдар бар. Жүрек-қан тамырлары жүйесіне кофенің әсері жайлы әртүрлі пікір мен тұжырым көп. Бірі кофені денсаулыққа пайдалы десе, екіншісі жүрекке салмақ түсіретіндіктен зиян деп санайды. Baribar.kz кофенің ағзаға әсері жайлы зерттеуді ұсынып отыр.
Кофені тым көп ішу жүрекке зиян болуы мүмкін
Харвард медицина мектебінің профессоры, дәрігер Майкл Газианоның айтуынша, өткен ғасырдың 60-жылдары кофе ішкен адамдар коронарлы артерия ауруына шалдығады деп есептелген еді. Ал кейінгі зерттеулер бойынша, кофені шектен тыс көп ішу ғана (күніне бес-алты шыныаяқтан астам) жүрекке зиян болуы мүмкін. Кофені қалыпты мөлшерде тұтынатындар үшін алаңдауға негіз жоқ.
Ғалымдар кофенің ағзаға әсері жайлы сынақ өткізді
Кофенің құрамында ағзаны сергітетін кофеин болғандықтан, көпшілік кофе ішсем, жүрегім қатты соғып, аяқ-қолым дірілдеп кетеді деп қауіптенеді. Дегенмен күніне 1-3 шыныаяқ кофе ішетін адамдарда жүректің аритмиясы (жүрек ырғағының бұзылуы) керісінше, төмен болған. Алайда бұл жалпы бақылау арқылы анықталған тұжырым. Сондықтан ғалымдар кофенің адам ағзасына әсерін дәл анықтау үшін арнайы сынақ өткізді.
Ғалымдар орташа жасы 39-дағы 100 сау адамды жинап, оларға арнайы құрылғы (датчик) орнатқан. Құрылғы адамның физикалық белсенділігін, ұйқысын, қандағы қант деңгейі мен жүрек соғысын бақылайды. Екі апта бойы қатысушылар екі күн кофе ішіп, екі күн мүлдем ішпей, осы күн тәртібін сақтаған.
Адамдар кофе ішкен күні 36 минут аз ұйықтаған
Нәтижесінде кофе ішкен күні сынаққа қатысушылардың жүру белсенділігі артқан, яғни әдеттегіден 1000 қадам артық жүрген. Себебі кофеин денені ширатып, күш-қуат береді. Сонымен қатар қатысушылар орта есеппен 36 минут аз ұйықтаған. Ал қандағы қант мөлшері еш өзгермеген. Осы тұста ұйқы қанбаса немесе ұйқы уақыты жиі қысқарса, уақыт өте келе жүрекке салмақ түсетінін ескерген жөн. Кофе сау адамға, жүрек-қан тамырына зиян емес. Дегенмен жүрек ауруы бар адам кофенің мөлшері мен ішу жиілігін қалыпты деңгейден асырмай, сақтанғаны жөн.
Кофені кешкі 16:00-ге дейін ішкен жөн
Дәрігер Майкл Газиано зерттеу қорытындысына сүйеніп, кофе айтарлықтай зиян да емес, керемет емдік сусын да емес екенін айтты. Егер кофе азғаға жағымды әсер етсе, күніне 1-3 шыныаяқ ішуге болады. Егер түнде ұйықтай алмай қиналсаңыз, түстен кейін кофе ішуді тоқтатыңыз. Кофені кешкі 15:00 немесе 16:00-ге дейін ішкен жөн. Кофеге көп мөлшерде қант, майлы кілегей немесе тәтті шәрбат қосуға болмайды. Көбіне кофенің өзі емес, құрамындағы артық қоспалар денеде артық салмақ пен холестерин жиналуына ықпал етеді.
Қазақстанда ерітілетін кофе ішу деңгейі 5,5% артқан
Еnergyprom.kz дерегінше, былтыр Қазақстанда ерітілетін кофе ішу деңгейі 5,5%-ға артып, жан басына шаққанда жылына 307 грамға жеткен. Ал 2021 жылы бір адам 241 грамм кофе ішкен. Бұл көрсеткіш кейінгі жылдары өсіп жатыр. Бір қызығы, қала тұрғындары ауыл тұрғындарына қарағанда екі есе көп кофе ішеді. Бұған қалада кофейня мен дәмхананың көп болуы және адамдардың таңдауы ықпал еткен болуы мүмкін.

***
Тағы оқыңыз:
