Алматыда аптап ыстық кезінде қала тұрғындары мен қонақтары шұғыл медициналық көмек алу үшін жедел жәрдемді жиі шақырып жатыр. Дәрігерлер жоғары температура, яғни ыстық ауа райы егде жастағы адамдар, балалар, жүкті әйелдер мен созылмалы ауруы бар науқастарға аса қауіпті екенін айтты. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
2 аптада 33,6 мыңнан астам науқас жедел жәрдем шақырған
Алматыдағы қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, шілдедегі алғашқы екі аптада 33,6 мыңнан астам науқас жедел жәрдем шақырған. Оның ішінде 1,5 мың шағым артериялық қысымның жоғарылауына байланысты болса, тағы 300-ден астам науқас жүрек-қан тамырлары ауруларына, жүректің ишемиялық ауруы мен жедел миокард инфарктіне қатысты шағымданған. Бұдан бөлек, ми қан айналымының жедел бұзылысына шалдыққан 50-ге жуық науқас қалалық ауруханаларға жеткізілген.
Жедел медициналық жәрдем қызметі директорының міндетін атқарушы орынбасары Азамат Құрманбековтің айтуынша, ыстық күнде жүрек-қан тамырлары жүйесіне түсетін жүктеме артады. Ауа температурасының жоғары болуы қан қысымының көтерілуіне, жүрек ырғағының бұзылуына, ентігуге, миокард инфаркті мен инсульт қаупінің артуына ықпал етуі мүмкін.
Аптап ыстық ағзаның сусыздану қаупін арттырады
Басқарма мамандары аптап ыстық ағзаның сусыздану қаупін, тағамнан улану, ішек инфекцияларының таралуын арттырып, маусымдық аллергияны күшейтуі мүмкін екенін айтты. Сондықтан созылмалы ауруы бар азаматтар денсаулығына ерекше көңіл бөлуге тиіс. Олар дәрігер кеңесін тыңдап, дәрі-дәрмектерін уақытылы ішіп, қан қысымы мен қандағы қант деңгейін бақылап, жоспарлы медициналық тексеруді өткізіп алмауы қажет. Егер адамның басы қатты ауырып, басы айналса, әлсіздік, жүрек айну, сананың шатасуы, дене қызуының көтерілуі немесе есінен тану белгілері байқалса, оны дереу салқын жерге апарып, денесін салқындату шараларын жасап, аз-аздан су беріп, жедел жәрдем шақыру керек.
Газдалған тәтті сусындарды және кофені шамадан тыс ішпеген жөн
Қаладағы емханалар созылмалы ауруы бар науқастарды бақылап, оларды қажетті дәрі-дәрмекпен қамтып, денсаулығына тұрақты мониториң жүргізіп жатыр. Егер адамның жағдайы нашарласа, аурудың асқынуын күтпей, уақытылы учаскелік дәрігерге қаралу қажет. Дәрігерлер тұрғындарға мүмкіндігінше сағат 11:00-ден 17:00-ге дейін күннің тікелей сәулесінде жүрмеуге, табиғи матадан тігілген жеңіл киім, бас киім мен күннен қорғайтын көзілдірік киюге кеңес берді. Сонымен қатар сұйықтықты, суды жеткілікті мөлшерде ішу өте маңызды. Ересектерге тәулігіне кемінде 2 литр су ішу керек. Алкогольді ішімдіктерді, газдалған тәтті сусындарды және кофені шамадан тыс ішпеген жөн.
