Испания құрамасы 2026 жылғы футболдан әлем чемпионатының жартылай финалында Францияны 2:0 есебімен жеңіп, турнирдің алғашқы финалисі атанды.
АҚШ-тың Арлингтон қаласындағы Dallas Stadium аренасында өткен кездесуде испаниялықтар алғашқы минуттардан-ақ ойын тізгінін өз қолына алып, қарсыласына қауіпті шабуылдар ұйымдастыруға мүмкіндік берген жоқ.
Испания алғашқы таймда басымдық орнатты
Кездесудің 22-минутында Ламин Ямаль айып алаңында ереже бұзуға мәжбүрлеп, Испания пенальти орындау мүмкіндігіне ие болды. Микель Оярсабаль он бір метрлік айып добын мүлт жібермей, командасын алға шығарды.
Бірінші таймда Испания есепті еселеуге де жақын болды. Ламин Ямаль қарсылас қақпасына гол соққанымен, төреші ойыннан тыс қалу жағдайын тіркеп, голды есепке алмады.
Франция таразы басын теңестіре алмады
Екінші таймда Килиан Мбаппе, Усман Дембеле және Майкл Олисе бастаған Франция шабуылды үдетуге тырысқанымен, Испания қорғанысы сенімді ойын көрсетті.
58-минутта Дани Ольмоның пасынан кейін Педро Порро дәл соққы жасап, есепті 2:0-ге жеткізді. Осыдан кейін Испания ойын барысын толық бақылауда ұстап, матчты жеңіспен аяқтады.
Осылайша Франция соңғы үш әлем чемпионатында қатарынан финалға шығу мүмкіндігінен айырылды. Дидье Дешам шәкірттері енді үшінші орын үшін өтетін кездесуде бақ сынайды.
Ал Испания өз тарихында екінші рет әлем чемпионатының финалына шықты. Бұған дейін испаниялықтар 2010 жылы финалда жеңіске жетіп, тұңғыш рет әлем чемпионы атанған болатын.
2026 жылғы әлем чемпионатының финалында Испания Англия – Аргентина матчының жеңімпазымен кездеседі. Шешуші ойын 19 шілдеде АҚШ-тың Ист-Ратерфорд қаласында өтеді.
