Түркияның Ыстамбұл қаласында Исмаилов деген Қазақстан азаматы қайтыс болған еді. Қазір марқұмды тапсырыс бойынша қасақана өлтірген күдіктілер ұсталды. Полиция қызметкерлері екі күдіктіні қамауға алды. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Polisia.kz мәліметінше, Қазақстан, Түркия, Грузия елдерінің полициялары қылмыстық істі тергеу барысында күдіктілердің қылмыс жасау себебін, кісі өлтіруді ұйымдастырушы мен тапсырыс берушіні анықтады. Күдіктілер — трансұлттық ұйымдасқан қылмыс ортасының өкілдері, халықаралық іздеуде жүрген азаматтар.
Қылмыстық топ мүшелері Қазақстан аумағында бірнеше ауыр қылмыс жасаған. Мәселен, былтыр тамызда Алматыда қала тұрғынын өлтіруге оқталған киллерлердің бірі ұсталды. Киллердің тапаншасы тәркіленді. Қылмыстық іс бойынша сотқа дейінгі тергеу аяқталды. Қазір іс сотқа жолданды.
Қазақстанның ішкі істер министрлігі Түркия мен Грузиядағы әріптестермен бірігіп, үш мемлекеттегі трансұлттық қылмыстық топтың мүшелерін ұстау үшін арнайы операция жүргізді. Күдіктілерге қару қолданып, бірнеше шабуылға қатысты деген айып тағылды, — деді ІІМ ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің өкілі Қуандық Алпыс.
Қазір ішкі істер министрлігінің қызметкерлері анықталған қылмыс дерегіне қатысты дәлелдерді жинап, басқа да күдіктілерді анықтап жатыр.
