Синоптиктер Қазақстанның бірқатар өңірінде алдағы күндері ауа температурасы 43 градусқа дейін көтерілетінін ескертті. Мұндай ыстық, әсіресе қарттар, балалар, жүкті әйелдер мен созылмалы ауруы бар адамдар үшін қауіпті болуы мүмкін. Baribar.kz Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ұсынымдарына сүйене отырып, аптап ыстықтан қалай қорғануға болатынын түсіндіреді.
Аптап ыстық денсаулыққа қалай әсер етеді?
ДДСҰ мәліметінше, қатты ыстық ағзаның қалыпты температурасын реттеу қабілетін бұзады. Соның салдарынан күн өту, сусыздану, жүрек-қан тамырлары ауруларының асқынуы, бүйрекке салмақ түсуі мүмкін. Ыстық демікпе, қант диабеті және басқа да созылмалы аурулар ағымын қиындатады.
Адам ағзасында жиналатын жылу мөлшері бірнеше факторға байланысты:
- қоршаған ортаның жоғары температурасы, ауа ылғалдылығының жоғары болуы, желдің аздығы және күн сәулесінің қатты түсуі салдарынан ағзаның өз жылуын шығара алмауы;
- киімнің денеден жылу шығуына кедергі келтіруі;
- сыртқы ортаның қосымша жылуы.
Осындай жағдайда ағза ішкі температурасын реттей алмайды. Соның салдарынан күннен әлсіреу (heat exhaustion) мен күн өту (heatstroke) қаупі артады.
Ағза өзін салқындатуға тырысқан сайын жүрек пен бүйрекке қосымша күш түседі. Сондықтан аптап ыстық:
- жүрек-қан тамырлары ауруларын;
- тыныс жолдары ауруларын;
- психикалық дерттерді;
- қант диабетін асқындыруы мүмкін;
- бүйректің зақымдануы ықтимал.
Аптап ыстық салдарынан өлім мен ауруханаға жату жағдайлары көбіне сол күні немесе келесі күндері тіркеледі. Сондықтан ресми ескерту жарияланған сәттен бастап қорғану шараларын сақтау қажет.
Қоғам қандай сақтық шараларын ұстануы керек?
Аптап ыстықтан қорғаныңыз
- Күннің ең ыстық уақытында далаға шықпаңыз және ауыр жұмыс істемеңіз.
- Көлеңкеде болуға тырысыңыз. Есіңізде сақтаңыз, тікелей күн сәулесінің астында сезілетін температура көлеңкеге қарағанда 10–15°C-тай жоғары болуы мүмкін.
- Күндіз кемінде 2–3 сағат салқын жерде болыңыз.
- Суға түсерде қауіпсіздік ережелерін сақтаңыз. Ешқашан жалғыз жүзбеңіз.
- Аптап ыстыққа қатысты ресми ескертулерді қадағалап отырыңыз.
Үйіңізді салқын ұстауға тырысыңыз
- Түнде сырттағы ауа температурасы үй ішінен төмен болған кезде терезелерді ашып, үйді желдетіңіз.
- Күндіз сырттағы ыстық үй ішімен салыстырғанда жоғары болса, терезелерді жауып, күн сәулесін өткізбейтін перде немесе жалюзи пайдаланыңыз. Мүмкіндігінше электр құрылғыларын өшіріңіз.
- Электр желдеткішін тек ауа температурасы 40°C-тан төмен болғанда қолданыңыз. Температура 40°C-тан жоғары болса, желдеткіш денені одан әрі қыздыруы мүмкін.
- Кондиционер қолдансаңыз, оның температурасын 27°C-қа қойып, электр желдеткішімен бірге пайдаланыңыз. Бұл бөлмені шамамен 4°C-қа салқынырақ етеді және салқындатуға жұмсалатын электр энергиясының шығынын 70%-ға дейін азайтуы мүмкін.
Денеңізді салқындатып, сусызданудан сақтаныңыз
- Жеңіл әрі кең киім және жұқа төсек жаймаларын пайдаланыңыз.
- Салқын душ немесе ванна қабылдаңыз.
- Теріңізді дымқыл сүлгімен сүртіңіз, су бүркіңіз немесе дымқыл, жеңіл киім киіңіз.
- Суды тұрақты ішіп отырыңыз (сағатына шамамен 1 стақан, тәулігіне кемінде 2–3 литр).
- Айналаңыздағы осал топтағы адамдардың, әсіресе 65 жастан асқан, жүрек, өкпе немесе бүйрек аурулары бар, мүгедектігі бар немесе жалғыз тұратын адамдардың жағдайын жиі сұрап, біліп отырыңыз.
Сәбилер мен балаларды қорғаңыз
- Балаларды немесе жануарларды ешқашан көлік ішінде қалдырмаңыз. Көлік ішіндегі температура өте қысқа уақытта адам өміріне қауіпті деңгейге дейін көтерілуі мүмкін.
- Күннің ең ыстық уақытында балаларды күн астына шығармаңыз және қалдырмаңыз. Көлеңкеде немесе үй ішінде болған дұрыс.
- Балалар арбасын құрғақ матамен жаппаңыз. Бұл арба ішін одан әрі қыздырады. Оның орнына жұқа дымқыл мата жауып, қажет болса, қайта сулап тұрыңыз. Қосымша салқындатуға портатив желдеткіш пайдалануға болады.
- Балаларға денені жауып тұратын жеңіл әрі кең киім кигізіңіз. Кең жиекті бас киім, күннен қорғайтын көзілдірік пен крем қолданыңыз.
Негізгі деректер
- Күн өту (heatstroke) – өлім қаупі жоғары, шұғыл медициналық көмек қажет ететін жағдай.
- Климаттың өзгеруіне байланысты әлемнің барлық өңірінде аптап ыстықтан зардап шегетін адамдар саны жыл сайын артып келеді. 2000–2004 және 2017–2021 жылдар аралығында 65 жастан асқан адамдар арасында ыстық себебінен болатын өлім-жітім шамамен 85%-ға өскен.
- 2000–2019 жылдар аралығында жүргізілген зерттеулерге сәйкес, жыл сайын шамамен 489 мың адам аптап ыстықтың салдарынан көз жұмады. Оның 45%-ы Азияда, 36%-ы Еуропада тіркелген. Тек 2022 жылдың жазында Еуропада ыстыққа байланысты 61 672 адамның мезгілсіз қайтыс болғаны анықталған. Ал 2003 жылы Еуропада маусым мен тамыз аралығындағы аптап ыстықтан 70 мың адам көз жұмса, 2010 жылы Ресейдегі 44 күнге созылған ыстық кезінде 56 мың адам қайтыс болған.
- Адамның ыстықтан зардап шегу қаупі тек жасына немесе денсаулығына емес, жұмыс түріне, тұрмыс деңгейіне және әлеуметтік-экономикалық жағдайына да байланысты.
- Аптап ыстықтың денсаулыққа тигізетін зияны алдын ала болжанатын әрі көбінесе қорғануға болатын қауіптердің бірі. Ол үшін қоғамдық денсаулық сақтау саласындағы тиімді саясат пен түрлі секторлардың бірлескен шаралары қажет. ДДСҰ қоғамдық денсаулық сақтау мекемелеріне аптап ыстық қаупін анықтау және басқару бойынша ұсынымдар әзірлеген. Климаттың өзгеруімен күресу, жан-жақты дайындық және тәуекелдерді басқару қазіргі таңда да, болашақта да көптеген адамның өмірін сақтап қалуға мүмкіндік береді.
