Басты бет / Жаңалықтар /
сайлау
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Құрылтайды сайлауға 7 партиядан 546 кандидат ұсынылды

Орталық сайлау комиссиясы (ОСК) Құрылтайды сайлауға ұсынылған партиялық тізімдерді қарауға кірісті. Биыл жеті саяси партиядан барлығы 546 кандидат ұсынылған. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

ОСК мәліметінше, партиялық тізімдерді ұсыну 13 шілдеде аяқталды. Ұсынылған кандидаттар саны төмендегідей:

  • «Ақ жол» партиясы – 63 кандидат;
  • «Ауыл» партиясы – 69 кандидат;
  • ӘDILET партиясы – 186 кандидат;
  • «Байтақ» партиясы – 47 кандидат;
  • Қазақстан халық партиясы – 72 кандидат;
  • Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы – 33 кандидат;
  • Respublica партиясы – 76 кандидат.

Орталық сайлау комиссиясының хатшысы Шавкат Өтемісовтің айтуынша, заң бойынша сайлауға қатысатын партиялар әрбір кандидат үшін сайлау жарнасын төлеуге тиіс. Биыл оның мөлшері 1 млн 275 мың теңге болып белгіленген.

Алайда парламент мәжілісінің VIII шақырылымында депутаттары болған саяси партиялар бұл төлемнен босатылады.

Осылайша, Құрылтай депутаттығына кандидат ұсынған жеті партияның тек екеуі – ӘDILET пен «Байтақ» партиялары ғана сайлау жарнасын төлейді, – деді Шавкат Өтемісов ОСК отырысында.

Сонымен қатар кандидат сайлауға қатысудан бас тартқысы келсе, орталық сайлау комиссиясына тиісті өтініш беруі қажет. Бірақ дауыс беруге екі күн қалғанда мұндай өтініштер қабылданбайды, ал кандидат партиялық тізімде қала береді.

Айта кетейік, биылғы Құрылтайды сайлауға 145 депутаттық мандат бөлінеді. Партиялық тізімдерді тіркеу 23 шілде сағат 18:00-ге дейін жалғасады. Орталық сайлау комиссиясы әрбір партияның тізімін жеке қарап, тіркеу туралы шешім қабылдайды.

Мақала туралы ойыңыз?

Telegram-каналға жазылыңыз

Telegram