Басты бет / Жаңалықтар /
Біз Алматы, қала, ферма, бау-бақша
Иллюстрация: Бекзат Исамбергенов

«Қаланы көгалдандыру – бір күндік науқан емес». Гөзел Құлжабаймен сұхбат

Көп жерде көгалдандыру көбіне көктемде ағаш егу науқанымен басталып, аяқталады. Ал экологтар бұл бағыттың тек өсімдік егумен шектелмейтінін, оған ғылыми жоспар мен ұзақ мерзімді күтім қажет екенін айтады. Елімізде гүл өсіру мәдениеті де толық дамымай, салада маман тапшы. Осыған байланысты Baribar.kz тілшісі көгалдандырушы әрі экоблогер Гөзел Құлжабайдан сұхбат алып, жасыл желек егу саласындағы негізгі мәселе туралы әңгімелесті.

Гөзел Құлжабай – көгалдандырушы, қазір экоблогер болып жүрген жанның бірі. Ол Жетісу облысы, Кербұлақ ауданының Нұрым ауылында дүниеге келген. Өзінің көгалдандыруға деген қызығушылығы ерекше басталғанын айтты.

Бұл салаға қызығуыма ағамның мейрамханасы себеп болды. Бұрындары қазір өзім секілді маман, дизайнер болмады. Ал мейрамхананың сыртқы көрінісін ашу үшін ауланы безендіріп, түрлі өсімдік егу керек еді. Сондықтан бір жыл өнім беретін гүлдерді алып еге бастадым. Кейін көгалдандыру саласында ұлттық кадр жоқ екенін түсіндім. Уақыт өте осы бағытта мамандануға бел будым, — дейді ол.

Гөзел Құлжабай көгалдандыру саласына келмей тұрып өзге маман иесі болғанын айтты.

Бұған дейін мектепте мұғалім болдым. Сонымен қатар «Болашақ» атты балалар шеберханасында тігін тігуге қатысты кәсібім болды. Балалармен көрпеше тігіп, «Мерей» фабрикасына өткізетін едік. Бұдан бөлек энергетика саласында да тәжірибем бар, — дейді Гөзел Құлжабай.

Балаларды гүл өсіруге ерте жастан баулу керек

Гүл өсіру мәдениетін балаларға ерте жастан-ақ үйретуге болады. Гөзел Құлжабай көгалдандыруға қатысты кітап шығарып, балалардың бұл салаға бір адым жақын болуына да атсалысқан.

Балаларға арнап журнал шығарып, ертегі де жаздым. Талай баланың өсімдіктер әлеміне қызығушылығын арттырған 58 кітап жарық көрді. Мұны қажеттіктен туған дүние дер едім. Кішкентай көгалдандырушыларды гүлдер әліппесі арқылы, санамақ пен боямақ форматында да осы салаға үйретуге болады. Сонымен қатар «Гүлстан» журналын шығардым. Бұл еліміздегі экология бағытындағы ерекше басылымның бірі еді, — деді экобелсенді.

Қаланы көгалдандыруды неден бастау керек?

Гөзел Құлжабайдың мегаполистерді көгалдандыруға да қосқан үлесі зор. Сұхбат барысында әр қалаға қажет, көркін келтіретін түрлі өсімдік бар екенін айтты.

Қалаға біржылдық гүл егу құрғақ құмға су құйғанмен тең. Терек, қарағаш секілді ағаш жақсы болғанымен, қала климатына жарамайды. Өзгелерге де егетін ағаштар бар екенін айтып жүрмін. Кейінгі кезде Алматыға көпжылдық бұта мен гүлдердің егілгенін байқадым. Бұл қалада көгалдандыру мәдениеті дұрыс қалыптасып келе жатқанының белгісі. Алайда әлі де өзгертіп, түзейтін тұсы бар, — деді көгалдандыршы.

Гөзел Құлжабайдың айтуынша, каланы көгалдандыру үшін шетелдің қымбат өнімдері қажет емес. Өзге елде өсетін өсімдік бізде де бар, тек дұрыс жоспармен жұмыс істеу керек.

Қазір Алматыға жақын жерде Gulstan Eco Resort атты демалыс аймағын аштым. Мұнда демалыстан бөлек, түрлі жеміс-жидек, гүл егіп, оны күтіп-баптаудың қыр-сырын үйренуге болады. Мұнда демалушылар жаңа стартап бастауға идея алып, кәсіп жүргізуге тәжірибе жинай алады.

Гөзел Құлжабайдың еліміздің экологиясына қосқан үлесін атамау мүмкін емес. Себебі көгалдандыру арқылы түрлі елді мекенде тақырыптық бақтар егіп, қазір осы саладағы өзге де жанға бағыт-бағдар беріп жүр.

Мен еккен тақырыптық бақ қатарында, өз ауылымдағы «Батыр ана», Нұрғали Нүсіпжановтың құрметіне егілген алма бағы, Мұхтар Әуезовке арналған қарағай бағы мен «Абай» бағы бар. Сонымен қатар желден қорғау мақсатында бірталай мектеп пен балабақша аумағына ағаш ектім. Мұның барлығы еліміздің таза, жасыл ел болуына көмектеседі, — дейді Гөзел.

«Бір ағаш егумен мәселе шешілмейді»

Сұхбат барысында Гөзел Құлжабай Қазақстанда гүл өсіру мәдениетіне қатысты қалыптасқан көзқарас туралы да пікір айтты.

Қазақтың даласы кең байтақ, түрлі өсімдікке толы, жасанды жолмен өзге гүл өсірудің қажеті жоқ дейтіндер де болды. Алайда бізден бөлек тұмса табиғаты бар шетелде де жергілікті халық даланы, ауласын безендіріп қояды. Сондықтан гүл өсіру мәдениетіне әр елде де көңіл бөлінуі керек, — дейді ол.

Гөзел Құлжабайдың айтуынша,  экология саласындағы басты мәселенің бірі — құжатқа тіркелген ағаш саны мен егілген ағаш саны әркез әртүрлі. Бұл бір күнге арналған ақпарат ғана. Сондықтан бір ағаш егілсе де оны күтіп-баптайтын адамның болғаны абзал. Кез келген уақытта, кез келген жерге өсімдік еге беруге болмайды. Мектеп, балабақша сынды мекеме ауласын көгалдандыру керек дейміз, алайда ол сауатты жасалмаса іс өнбейтінін жеткізді.

«Экоблог жүргізу арқылы көгалдандыруды насихаттап жүрмін»

Қазір Гөзел Құлжабайдың әлеуметтік желідегі парақшасында 100 мыңға жуық оқырманы бар. Блогер ретінде аудиториясына бақша егу, өсімдіктерге күтім жасауға қатысты тұрлі бейнежазба түсіреді.

Әлеуметтік желіде экоблогымды биыл қаңтар айында тұрақты жүргізе бастадым десем болады. Әр бейнежазбамды түсіріп, жариялауға балам көмектеседі. Қыстан бері тұрақты аудиториям пайда болды, қазір блогерлікті де бірге алып жүрмін. Біздің елде көгалдандыру тақырыбы желі қолданушыларына қызық екенін байқадым. Алғашқы жазбаларымның өзі көп рет қаралып, парақшамда тіркелуші саны артып келеді.

Оның айтуынша, көгалдандырудың еш қиындығы жоқ. Әр адам өз ауласын безендіріп, жер игеруге қызыққаны жөн. Бұл адам бойындағы әсемдікке ұмтылу, айналасын көркемдеп, әр дүниеден ерекше жаратылысты көре білу сынды қырын ашады.

Бізде экология саласындағы мамандар бағалана ма?

Экобелсенді біздің елде аз маманданған саланың қызметкері өз деңгейінде бағаланбайтынын да айтты.

Экологияға қосқан үлесім үшін Канада, Англия сынды елдермен байланыста болдым. Балаларға арнап жазған кітабымды неміс тіліне аударып, басып шығарғандар табылды. Осы еңбегім үшін марапат та алдым. Алайда бізде атағы жер жарар тұлғаларды дәріптеп, насихаттайды, ал маманы аз саланың қызметкерлерін бағалайтындар көп емес. Осының салдарынан болар, экология, көгалдандыру бағытын таңдайтын жас маман аз, — дейді Гөзел Құлжабай.

***

Тағы оқыңыз: 

Гүл маманы: Кез келген хобби бизнеске айналуы қажет

Мақала туралы ойыңыз?

Telegram-каналға жазылыңыз

Telegram