Алматыдағы тұрғын үйлердің ауласында немесе көшеде құлайын деп тұрған ағаштар мен құлаған ірі бұтақтар жиі кездеседі. Мұндай апатты жағдайда кейде көлік пен өзге де мүлікке зақым келеді. Тіпті ағаш құлап, апат адам өліміне де себеп болуы мүмкін. Жақында Баум тоғайында 19 жастағы қыздың үстіне ағаш құлап, ауруханада қайтыс болған еді. Сондықтан құлайын деп тұрған ағашты көрсеңіз, оның өздігінен құлағанын күтпеген жөн. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Тұрғын үй ауласындағы ағашты қалай шабуға болады?
Кrisha.kz мәліметіне қарағанда, тұрғындар ағашты өз бетінше шауып, бұтай алмайды. Өйткені айыппұл арқалауы мүмкін. Алдымен ағаштың қай аумақта орналасқанын және оған кім жауапты екенін анықтау қажет. Егер ағаш көпқабатты тұрғын үйдің ауласында өсіп тұрса, бұл мәселеге үйді басқаратын ұйым жауап береді. Олар:
- МИБ (меншік иелері бірлестігі);
- ЖС (жай серіктестік);
- ПИК (пәтер иелерінің кооперативі);
- басқарушы компания.
Осы ұйымдардың бірі аумақты тексеріп, санитар талабын сақтай отырып, ағашты бұтап, шабу үшін арнайы құжат рәсімдейді. Егер үйді басқарушы ұйым ешқандай шара қолданбаса, оған да шағым айтуға болады.
Ағаш саябақта немесе көшеде өсіп тұрса, қайда шағым айтамыз?
Қоғамдық орында, дәлірек саябақта, гүлзарда немесе көшеде өсіп тұрған ағашқа қаланың коммуналдық қызметі жауапты. Егер апатты ағашты, құлаған бұтақтарды немесе қатты желден кейін діңгегінен ажырап тұрған ағашты байқасаңыз, мына мекемелерге хабарласып, өтініш жолдауға болады:
- аудан әкімдігіне;
- экология және қоршаған орта басқармасына;
- 109 бірыңғай қалалық қызметіне;
- @TazaQazBot деген тelegram ботқа.
Өтініште нақты мекенжайды көрсетіп, мәселені сипаттап, фотосуреттерді тіркеу керек. Егер ағаш немесе бұтақ құлап, көлікке немесе басқа мүлікке зақым келсе, адам зардап шексе, дереу 109 қалалық қызметіне хабарлау қажет.
Ағашты рұқсатсыз шапқан адам айыппұл төлейді
Қурап қалған, діңінен ажыраған, қисайған немесе құлайын деп тұрған ағашты өз бетіңізше кесуге болмайды. Уәкілетті органдардың рұқсаты арқылы ғана жасыл желекті кесу керек. Мамандар ағашты тексеріп, оның апатты жағдайда екенін ресми түрде анықтауға тиіс. Ағашты рұқсатсыз кескен азаматтар Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 381-1-бабы бойынша, айыппұл төлейді.
- Жеке тұлғаларға 50 АЕК, яғни 216 250 теңге;
- Заңды тұлғаларға – 500 АЕК-ке дейін, яғни шамамен 2,2 млн теңге айыппұл салынады.
- Бұдан бөлек, құқық бұзушы экологиялық залалды өтеу үшін ағаш отырғызуға міндетті.
***
Тағы оқыңыз:
