Атырау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты бір отбасының төрт мүшесін өлтірді деп айыпталған Сұлтан Сәрсемәлиевті өмір бойына бас бостандығынан айырды. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Үкімді аса ауыр қылмыстар жөніндегі судья Зарема Хамидуллина шығарды.
Еске салайық, 2025 жылғы желтоқсанда полицияға 66 жастағы ер адам, 64 жастағы әйел және олардың 32 жастағы ұлы мен 35 жастағы қызының хабар-ошарсыз кеткені туралы ақпарат түскен еді. Туыстарының айтуынша, отбасы қараша айынан бері байланысқа шықпаған.
Осыдан кейін төртеуі де із-түзсіз жоғалғандар ретінде іздеуге жарияланып, қылмыстық іс қозғалды. Тергеу аясында арнайы жедел-тергеу тобы құрылды. Кейін құқық қорғау органдары ерлі-зайыптыны өлтірді деген күдікпен олардың күйеу баласы Сұлтан Сәрсемәлиевтің Индонезияда ұсталғанын хабарлаған болатын.
Атырау облысы прокуратурасының мәліметінше, сотталушы алдымен 2025 жылдың мамыр айында балдызы Наурыз Мұқанғалиевті өлтірген. Кейін қараша айында қайын атасы мен қайын енесін, сондай-ақ тағы бір балдызын өлтірген.
Сот Сұлтан Сәрсемәлиевті кінәлі деп танып, оған өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.
