Басты бет / Жаңалықтар /
Әділетхан Молдахан
Фото: instagram adiletkhan

Заңгер әрі блогер Әділетхан Молдахан 2 жыл 6 айға сотталды

Алматының Алмалы аудандық соты заңгер әрі блогер Әділетхан Молдаханға қатысты қылмыстық іс бойынша үкім шығарды. Сот шешімімен ол 2 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

Сот Әділетхан Молдаханды жәбірленушілерге моральдық және сот шығындарын да өтеуге міндеттеді. Үкімге сәйкес, Ержан Ұзабаев пен Серік Шұмаевтың әрқайсысына 2 миллион теңгеден моральдық өтемақы, 1 миллион теңге сот шығындары өндірілетін болды. Жалпы өтемақы көлемі 6 миллион теңгені құрады.

Әділетхан Молдаханға бастапқыда Қылмыстық кодекстің 274-бабының 2-бөлігі 3-тармағы«Онлайн-платформаларды пайдалану арқылы көрінеу жалған ақпарат тарату» бойынша айып тағылған еді.

Алайда кейінгі сот отырыстарында мемлекеттік айыптаушы істі Қылмыстық кодекстің 274-бабының 3-бөлігі«Ірі залалға немесе өзге де ауыр зардаптарға әкеп соққан көрінеу жалған ақпарат тарату» бойынша қарауды сұрады. Бұл бап бойынша бес жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.

Іс қалай басталды?

Қылмыстық іс блогердің Алматыдағы әл-Фараби даңғылында болған адам өліміне себеп болған жол-көлік оқиғасынан кейін әлеуметтік желіде жариялаған видеоларына байланысты қозғалды.

Молдахан өз жазбаларында түнгі көше жарыстарын ұйымдастыруға құқық қорғау органдарының кейбір қызметкерлерінің қатысы болуы мүмкін екенін айтқан.

Осы іске байланысты Алматы қалалық полиция департаменті бастығының бұрынғы орынбасары Ержан Ұзабаев пен әкімшілік полиция басқармасының бұрынғы басшысы Серік Шұмаев жәбірленуші ретінде танылды.

Әл-Фарабидегі қайғылы жол апаты

Еске салайық, жол-көлік оқиғасы 21 наурызға қараған түні болған. Александр Пак басқарған Zeekr маркалы көлік қарсы жолаққа шығып кетіп, Mercedes автокөлігімен соқтығысқан. Апат салдарынан Mercedes көлігінің жүргізушісі мен екі жолаушы қыз көз жұмды.

Оқиғадан кейін Ішкі істер министрі Алматы қалалық полиция департаменті бастығының орынбасарын, әкімшілік полиция және қоғамдық қауіпсіздік басқармаларының басшыларын қызметінен босатты. Полиция басшыларының бірінің жүргізушісіне қатысты қызметтік әрекетсіздік фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Әділетхан Молдахан 31 наурызда көрінеу жалған ақпарат таратты деген күдікпен ұсталып, кейін екі айға қамауға алынған болатын.

Ал Әл-Фараби даңғылындағы жол апатына қатысты іс бойынша Александр Пак кінәсін толық мойындап, сот оны 10 жылға бас бостандығынан айырып, өмір бойына көлік жүргізу құқығынан айырған.

Мақала туралы ойыңыз?

Facebook парақшамызға жазылыңыз

Facebook