Кейінгі айларда елдегі тұрғын үйдің ең төмен бағасы оңтүстік және батыс өңірдегі облыс орталықтарында тіркелген. Ал Алматы мен Астанада бір шаршы метрдің құны басқа өңірмен салыстырғанда екі есе жоғары. Тұрғын үй нарығындағы мұндай айырмашылықтың себебі неде және үй бағасы төмендеуі мүмкін бе? Baribar.kz тілшісі осы туралы баспана алу бойынша кеңесші Мәдина Болатханқызынан сұрап білді.
Ұлттық статистика бюросының 2026 жылғы маусым айындағы дерегі бойынша, бірінші нарықтағы тұрғын үйдің бір шаршы метрі ең арзан қала қатарында Орал (327 мың теңге), Ақтөбе (356,5 мың теңге), Көкшетау (370 мың теңге), Қызылорда (392 мың теңге) және Қарағанды (395 мың теңге) бар. Ал ең қымбат бірінші нарықтағы баспана Астанада (739 мың теңге/шаршы метр) және Алматыда (726 мың теңге/шаршы метр).
Мәдина Болатханқызының айтуынша, ірі қалаларда тұрғын үй бағасы жақын арада төмендемеуі мүмкін.
Ірі мегаполистерде тұрғын үй бағасы тұрақты, әзірге төмендеген жоқ. Маусым айында мамырмен салыстырғанда сатып алу-сату шартының саны артты. Мемлекеттік бағдарламалардың басым бөлігі алғашқы нарықтан баспана сатып алуға бағытталғандықтан, бірінші нарықтағы тұрғын үй бағасы төмендейді деп айту қиын, – дейді Мәдина Болатханқызы.

Құрылыс компаниясы баспана бағасын қалай бекітеді?
Сарапшы тұрғын үйдің құнына ең алдымен құрылыс шығыны әсер ететінін айтты.
Құрылыс компаниясы тұрғын үй бағасын оның орналасқан жеріне, салынған материалына қарай белгілейді. Ал қолданыстағы заңдар бағаны белгілеуге емес, тұрғын үй сапасын арттыруға және нарықты реттеуге бағытталған, – дейді ол.
Қайталама тұрғын үй нарығындағы өзгеріс
Қайталама тұрғын үй нарығында да баға айырмашылығы айқын байқалады. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, ең арзан баспана Қызылордада (342,8 мың теңге/шаршы метр), Таразда (351,7 мың теңге), Ақтауда (360 мың теңге), Ақтөбеде (369 мың теңге) және Көкшетауда (381 мың теңге) орналасқан. Ал Алматыда қайталама нарықтағы бір шаршы метрдің орташа бағасы 749,6 мың теңгеге, Астанада 727 мың теңгеге жеткен.
Мәдина Болатханқызы өңірлердегі баға айырмашылығына құрылыс материалдарының құны мен сұраныс саны да әсер ететінін алға тартты.
Құрылыс материалдарының бағасы мен олардың шетелден әкелінуі тұрғын үй құнына әсер етеді. Сонымен қатар алғашқы нарықтағы сұраныс жоғары болғандықтан, маусым мен желтоқсан аралығында баспана сатып алушылар көбейеді. Салдарынан жыл сайын еліміздің әр өңірінде тұрғын үй бағасы өсіп барады, – дейді сарапшы.
Пәтер жалдау нарығында да өзгеріс бар. Ең төмен жалдау бағасы Таразда (2,5 мың теңге/шаршы метр), Түркістанда (2,77 мың теңге), Қостанайда (3,2 мың теңге), Ақтөбеде (3,3 мың теңге) және Қызылордада (3,34 мың теңге) тіркелген. Ал Алматыда бір шаршы метрді жалдау құны 5,9 мың теңге болса, Астанада бұл көрсеткіш 5,6 мың теңге.
Тұрғын үй бағасына құрылыс шығынынан бөлек не әсер етеді?
Маманның пікірінше, тұрғын үйдің бағасы тек құрылыс шығынына ғана емес, өңірдің даму деңгейіне де байланысты.
Аймақтағы инфрақұрылымның дамуы мен көші-қон процесі де үй бағасына әсер етеді. Жаңа жұмыс орны ашылып, халықтың әл-ауқаты артқан қалада сұраныс көбейіп, тұрғын үй де қымбаттайды, – дейді ол.
Сарапшы ірі қалалардан баспана алуды жоспарлағандарға ертерек қаржысын дайындап, есептеуге кеңес береді.
Әсіресе, Алматыда тұрғын үй бағасы әлдеқайда жоғары. Қазір мақұлдамасы дайын «7-20-25» бағдарламасына қатысушының өзі қалаған пәтерін сатып ала алмауы мүмкін. Бұл сұраныстың жоғары болуына және бағаның өсуіне байланысты. Сондықтан мегаполистен үй алуды жоспарлаған адам ертерек қамданғаны дұрыс, – дейді Мәдина Болатханқызы.
Оның айтуынша, қолма-қол қаражатқа үй алатындар үшін қайталама нарықта тиімді ұсыныстар кездеседі.
Қайталама нарықта ұзақ уақыт бойы сатылмай тұрған пәтерлер бар. Мұндай жағдайда қолма-қол төлем арқылы бастапқы ұсынылған бағадан төмен бағаға келісуге мүмкіндік болады, – деп түйіндеді сарапшы.
