Жаз кезінде кейбір адамды маса жиі шағады. Әр ортада ылғи маса шағатын адам бар екені анық. Ғылыми зерттеулер бойынша, маса әр адамның ағзасына тән табиғи иіске құмар. Baribar.kz маса қандай жағдайда адамды жиі шағатынын анықтап көрді.
Бірінші қан тобындағы адамдарды маса көбірек шағуы мүмкін
Харвард медицина мектебінің мәліметінше, маса адам ағзасындағы түрлі молекуланың әсерінен пайда болған иіске үйір болады. Бұл иісті кәдімгі дене иісі сияқты өзгерту мүмкін емес. Мамандар жиі маса шағатын адамдардың қан тобы мен тыныс алуы ерекше екенін айтты. Бірінші қан тобындағы адамдарды маса көбірек шағуы ықтимал. Белсенді дене қозғалысынан жиі әрі терең тыныстаған кезде ауаға көмірқышқыл газы көбірек бөлінеді. Ал маса дәл осы газ иісі шыққан аймаққа қарай ұшады. Демек далада жүгіріп, жаттығу істеген кезде сізге масаның назары ауады.
Маса карбон қышқылына тартылады
АҚШ-тағы денсаулық сақтау институтының мәліметінше, маса карбон қышқылына да тартылады екен. Демек, масалар карбон қышқылына қарай ұмтылып, сол аймаққа шоғырланады. Карбон қышқылдары — табиғи қосылыстар әскерінен адам терісінде тұрақты бөлінетін қышқыл.
The Medical Republic басылымының дерегі бойынша, адам терісінде өмір сүретін пайдалы бактериялар, микроорганизмдер тері майын «қорек» ретінде пайдаланады. Нәтижесінде қалдық бөлініп, құрамында карбон қышқылдары бар иіс пайда болады. Адамға тән дене иісі осылай қалыптасады.
Масадан қорғану үшін иісі жоқ гигиена құралдарын пайдаланған жөн. Сонымен қатар ашық түсті, жеңі ұзын киім мен ұзын шалбар кию керек. Ашық қалған теріге масаға қарсы репеллент жағуға болады.
