Басты бет / Жаңалықтар /
құлаққап, ауа райы, жаңбыр, студент
Фото: Нұрназар Әмзе/Baribar.kz

Жастардың есту қабілеті нашарлап барады. Құлаққап құлақты қалай «өлтіреді»?

Егер біраз уақыт спортқа бармасаңыз, тұрақты жаттығу арқылы бұлшықетті қайта қалпына келтіруге болады. Ал құлақтың есту қабілеті нашарласа, бұлай қалпына келмейді. Күнделікті өмірде біз байқамайтын әдеттер де құлаққа зақым келтіруі мүмкін. Бұрын тек егде жастағы қарттардың есту қабілеті бұзылса, қазір бұл мәселе жастардың арасында да жиілеп, тіпті жасөспірімдер мен 10 жасқа толмаған балалардың естуі төмендеп жатыр.
Baribar.kz есту қабілетін ұзақ жыл бойы қалай сақтауға болады деген сұраққа жауап іздеді.

Құлақ дыбысты қалай естиді?

BBC мәліметі бойынша, құлақ жарғағының арғы жағында, яғни құлақтың терең тұсында ұлу тәрізді бөлік бар. Оның іші сұйықтыққа толы және қабырғасы мыңдаған өте ұсақ түкті жасушамен қапталған. Әр жасушаның үстінде жіңішке түк болады, ал төменгі жағында есту жүйкесіне жалғасатын нейрон орналасқан. Сол жүйке арқылы электр сигналдар, яғни дыбыс миға жетеді.

Құлақтағы түк сынса, қалпына келмейді

Дыбыс құлаққа еніп, ұсақ түктер желде тербелген ағаш сияқты қозғалады. Осылайша, қозғалыс электр импульсіне айналып, ми оны дыбыс ретінде қабылдайды. Дыбыс тым қатты немесе ұзақ уақыт бойы естілсе, түк дауылдағы ағаш сияқты қатты тербеліп, сынып кетеді. Құлақтағы түктің ерекшелігі — қайта өспейді, қалпына келмейді. Түк жасушалар адам дүниеге келген кезде-ақ толық қалыптасады.

Ғалымдар гендік терапия арқылы құлақ түктерін қайта өсіруді зерттеп жатыр. Алайда қазір мұндай ем қолжетімсіз. Сондықтан есту қабілетін алдын ала қорғау керек.

Егде жастағы адам сөзді қате естіп, орынсыз жауап беруден қорқады

Жұрт арасында когнитивті функциялардың әлсіреуі мен деменция салдарынан адамның естуі төмендейді деген тұжырым бар. Дегенмен қазіргі ғылыми дерек бойынша, есту қабілетінің деменциямен байланысы жоқ. Сарапшылардың пікірінше, когнитивті бұзылыс пен есту қабілетінің нашарлауын шатастырып алу оңай.

Жасы ұлғайған адам есту қабілетінің нашарлауы салдарынан әлеуметтік ортадан оқшаулана бастайды. Мысалы, егде жастағы адам сөзді қате естіп, орынсыз жауап беруден қорқып, қоғаммен сирек араласады. АҚШ-тағы Кливленд клиникасының аудиологі әрі есту қабілетінің бұзылуын зерттеуші Валери Павлович Рафтың пікірінше, есту қабілеті бір жоғалса, оны қайта қалпына келтіру мүмкін емес екенін айтты.

Концертте жоғары дыбыстан қалай сақтану керек?

Концертте жанды дауыстағы әуен әрдайым күшейткіш арқылы беріледі. Жоғары деңгейдегі дыбыс әсерінен 35 жасқа дейінгі 1,35 миллиард адамның есту қабілеті мерзімінен бұрын зақымдалуы мүмкін. Мамандардың пікірінше, концертте музыканың сапасын өзгертпейтін арнайы құлаққап тығынын пайдалану керек.

Құлаққаптан басқа заттар да құлаққа зиян

Құлаққаппен әуен немесе аудио тыңдағанда жаныңыздағы адаммен қалыпты дауыс ырғағы арқылы сөйлесе алу керек. Ал ол сізге айқайлауға мәжбүр болса немесе мүлде естімесеңіз, құлаққаптағы дыбыс құлағыңызды зақымдайды деген сөз. Бұдан бөлек, шөп шабатын құрылғы, жапырақ үрлейтін техника, көгалдандыруға арналған ара сияқты құралдар да құлаққа зиян. Осыған орай, АҚШ-тың кейбір өңірінде қатты шу шығаратын, яғни бензинмен жұмыс істейтін құралдарды дыбысы әлдеқайда бәсең жлектр құралға алмастыра бастады.

Көлікпен тас жолда келе жатып, терезені ашып қоюға болмайды

Қалада, шағын көшеде көліктің терезесін ашып, жүруге болады. Дегенмен үлкен тас жолда жоғары жылдамдықпен келе жатқанда желдің гуілі құлаққа кері әсер етеді. Ал желдің гуіліне радиодағы музыка қосылса, құлаққа екі есе зияны тиеді. Сондықтан құлақ тығынын пайдалану керек. Мұны мотоцикл жүргізушілері де ескеруге тиіс.

***

Тағы оқыңыз:

Стоматолог, травматолог, педиатр: Алматыда дәрігерлер балаларға тегін кеңес береді

Дереккөз: BBC

Мақала туралы ойыңыз?

TikTok парақшамызға жазылыңыз

TikTok