Басты бет / Жаңалықтар /
ақша, доллар, теңге
Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Қазақстанда шағын бизнеске берілетін кредит көлемі күрт артты

2026 жылдың мамыр айының қорытындысы бойынша Қазақстан экономикасына берілген кредиттің жалпы көлемі 51,5 трлн теңгеге жетті. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 17,8%-ға, яғни 7,8 трлн теңгеге көп. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

Ranking.kz мәліметінше, жалпы өсімнің 82%-ы немесе 6,4 трлн теңгесі екінші деңгейлі банктердің үлесіне тиесілі. Нәтижесінде банктердің кредиттік портфелі 43,8 трлн теңгеге дейін ұлғайып, экономикадағы барлық кредиттің 85%-ын қамтамасыз еткен.

Банктен тыс секторда да өсім байқалды. Квазимемлекеттік ұйымдардың кредиттік портфелі бір жылда 39,5%-ға артып, 4,3 трлн теңге болды. Ал микроқаржы ұйымдарының кредит көлемі 3,2 трлн теңгеге жетсе, ипотекалық ұйымдардың портфелі 5,2%-ға қысқарған.

Сарапшылардың айтуынша, бизнеске берілетін кредиттердің өсімі халыққа берілетін қарыздарға қарағанда жоғары болды. Бір жыл ішінде кәсіпкерлерге берілген кредит көлемі 20,5% өсіп, 24,2 трлн теңгеге жетті. Ал жеке тұлғаларға берілген кредиттер 15,5% артып, 3,7 трлн теңгеге көбейген.

Екінші деңгейлі банктер мен Қазақстанның Даму банкінің экономикаға берген кредиттік портфелі 44,5 трлн теңгені құрап, бір жылда 17% өсті. Банк портфелінің құрылымында да өзгеріс байқалады. Кәсіпкерлерге берілген кредиттердің үлесі 41,8%-дан 42,7%-ға дейін ұлғайса, халыққа берілген кредиттердің үлесі 58,2%-дан 57,3%-ға дейін төмендеген. Ең жоғары өсім шағын кәсіпкерлікті қаржыландыруда тіркелді. Шағын бизнеске берілген кредиттер бір жылда 34% артып, 8,9 трлн теңгеге жеткен. Орта кәсіпкерлікке берілген кредиттер 22,8% өсіп, 3,1 трлн теңге болды. Ал ірі кәсіпорындарға берілген кредит көлемі 3,7%-ға ғана ұлғайып, 7 трлн теңгеге жетті. Сонымен қатар бөлшек кредит портфелі 25,5 трлн теңге болды. Оның ішінде тұтынушылық кредиттер 17,1 трлн теңгеге, ипотекалық кредиттер 7,3 трлн теңгеге жеткен, — делінген хабарламада.

Ranking.kz сарапшыларының пікірінше, бұл көрсеткіштер Қазақстанда кәсіпкерлікті қаржыландырудың рөлі біртіндеп күшейіп келе жатқанын көрсетеді.

Мақала туралы ойыңыз?

Instagram парақшамызға жазылыңыз

Instagram