Басты бет / Жаңалықтар /
Тоқаев
Фото: Ақорда

Тоқаев Дохаға барып, Қатар әміріне көңіл айтты

Қасым-Жомарт Тоқаев Қатардың бұрынғы әмірі шейх Хамад бен Халифа Әл Танидің қайтыс болуына байланысты Қатар әмірі шейх Тамим бен Хамад Әл Тани мен билеуші әулет мүшелеріне жеке өзі көңіл айту үшін Дохаға барды. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

Ақорданың мәліметінше, мемлекет басшысы шейх Хамадтың қуатты әрі табысты Қатар мемлекетін құруға қосқан өлшеусіз үлесін атап өтті.

Қазіргі Қатардың көптеген маңызды тарихи жетістігі мен елдің әлемдік аренадағы жоғары беделі оның есімімен тығыз байланысты. Шейх Хамад әлемдік деңгейдегі мемлекет қайраткері әрі қазақ халқының шынайы досы болды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттің айтуынша, шейх Хамад бен Халифа Әл Тани қазақ-қатар қарым-қатынастарының қалыптасуы мен табысты дамуына зор үлес қосты.

Ол Қазақстанға екі рет ресми сапармен келген. Ал оның алғашқы сапары кезінде Қасым-Жомарт Тоқаев сыртқы істер министрі ретінде әмірді қарсы алған. Мемлекет басшысы шейх Хамадтың бастамасымен Астанада Әл-Фараби атындағы мешіт салынғанын, сонымен қатар Қазақстан тәуелсіздігінің алғашқы жылдарында бірқатар әлеуметтік және инфрақұрылымдық жоба жүзеге асырылғанын ерекше ризашылықпен атап өтті. Мұның бәрі екі ел арасындағы шынайы достық пен өзара түсіністіктің айқын көрінісі екенін айтты.

Мақала туралы ойыңыз?

TikTok парақшамызға жазылыңыз

TikTok