Қазақстанда 2026 жылғы 12 шілдеден бастап жер учаскесіне мемлекеттік акт беру тәртібі өзгерді. Енді бұл мемлекеттік қызмет Халыққа қызмет көрсету орталықтары (ХҚКО) арқылы көрсетілмейді, құжатты рәсімдеу толықтай электронды форматқа көшірілді. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Өзгерістер ҚР ауыл шаруашылығы министрлігінің тиісті бұйрығына сәйкес күшіне енді.
Енді жер учаскесіне мемлекеттік акт алу үшін азаматтар eGov.kz порталы арқылы авторизациядан өтіп, қажетті қызметті таңдап, өтінімді толтыруы керек. Өтінім электрондық қолтаңба немесе басқа қолжетімді электрондық сәйкестендіру тәсілі арқылы расталады. Өтінім қаралғаннан кейін дайын мемлекеттік акт пайдаланушының eGov.kz порталындағы жеке кабинетіне жіберіледі.
Жасанды интеллект және цифрлық даму бірінші вице-министрі Ростислав Коняшкин бұл өзгеріс азаматтардың электронды қызметтерді белсенді пайдалануына байланысты қабылданғанын айтты.
Оның сөзіне қарағанда, бұған дейін жер учаскесіне мемлекеттік акт алу үшін азаматтар ХҚКО-ға жеке жүгінетін. Алайда кейінгі уақытта өтініштердің 96%-ы онлайн берілгендіктен, қызмет толықтай электронды форматқа ауыстырылды. Cонымен қатар интернет арқылы өтініш бере алмайтын азаматтар үшін балама мүмкіндік сақталған. ХҚКО-ларда өзіне-өзі қызмет көрсету аймақтары жұмысын жалғастырады. Онда азаматтар қажет техниканы пайдаланып, мемлекеттік актіні өз бетінше рәсімдей алады.
Яғни, 12 шілдеден бастап ХҚКО қызметкерлері жер учаскесіне мемлекеттік акт алуға өтініш қабылдамайды. Дегенмен орталықтар азаматтарға электрондық мемлекеттік қызметтерді пайдалану үшін техникалық қолдау көрсетуді жалғастырады.
