Басты бет / Әдебиет /
Мәдина Ишан, балалар әдебиеті, Елігай
Фото: ЖИ

Елігай ертегісі: Моңғолиядағы қазақ бүлдіршін кітап кейіпкеріне қалай айналды?

Баланың қиялын дамыту үшін ертегінің орны ерекше. Алайда цифрлық дәуірде баланың назарын аударатын шығарма жазу оңай емес. Журналист Мәдина Махамбетқызы да балалар әдебиетіне арнайы жоспарлап келмеген. Ұлымен бірге күн сайын ойдан құралған шағын оқиғалар уақыт өте келе қағазға түсіп, кейін «Елігай» деген кітапқа айналды. Baribar.kz тілшісі автормен ертегі кітап, балаларға арналған сапалы контент және бүгінгі балалар әдебиетінің ерекшелігі туралы әңгімелесті.

Ертегі өмірден басталды

Мәдина Махамбетқызы – Қазақ радиосының тілшісі. Биыл балаларға арнап ертегі кітап жазып, тұсауын кесті. Оның айтуынша, ертегі жазу бастапқыда ойында болмаған.

Бәрі ұлым Барысханның өтінішінен басталды. Ол дайын ертегі оқып бергеннен гөрі, үйдегі қарапайым заттар туралы жаңа оқиға ойлап табуды сұрайтын. Нәтижесінде есік, перде, жастық секілді күнделікті дүние кейіпкерге айналды. Уақыт өте ойыма келген сюжеттерді жазып жүруді әдет қылдым, — дейді автор.

Елігай кітабы, Мәдина Ишан, балалар әдебиеті
Фото Мәдина Махамбетқызының жеке архивінен алынды

Елігай кітап кейіпкеріне қалай айналды?

Кейін отбасы Моңғолияға барғанда Барысхан туысы Елігаймен достасып алады. Қазақстанға оралғаннан кейін ұлы анасынан үнемі Барысхан мен Елігай туралы жаңа ертегі құрап беруді сұрайтын болған.

Кейде оқиғаның желісін өзгертіп жіберсем, Барысхан «жоқ, олай емес қой» деп түзетіп отыратын. Дәл осы кезден бастап Елігай туралы ертегілер біртіндеп жинала берді. Кейін Елігайдың әлеужеліде жарияланған бейнесі көпшіліктің ықыласына бөленіп, бұрыннан қағазға түсіріп жүрген оқиғаларды кітап қылып шығару ойға келді, – дейді автор.

 

Посмотреть эту публикацию в Instagram

 

Публикация от Мәдина Махамбетқызы (@madina_makhambet)

Шығарма желісі бойынша, Елігай деген бүлдіршін Моңғолияның Цэнгэл өлкесінде тұрады. Ол табиғатпен етене жақын өмір сүріп, жануарларға қамқор болады. Осы арқылы автор балаларға қоршаған ортаны аялау идеясын жеткізуді мақсат еткен.

Табиғат пен технология үндескен шығарма

«Елігайдың» ерекшелігінің бірі – шығармада робот пен жасанды интеллект образының болуы. Автордың айтуынша, қазір балалар технологиямен бірге өсіп келеді, сондықтан бұл тақырыптан аттап өту мүмкін емес.

Мәдина Ишан, балалар әдебиеті, Елігай
Фото Мәдина Махамбетқызының жеке архивінен алынды

Сонымен бірге кітапта адам бойындағы табиғи қасиеттердің маңызына басымдық берілген.

Ақпаратты технологиядан алуға болады. Дегенмен мейірім, жанашырлық, қиял, адамгершілік пен жан жылуы тек өзіміздің бойымызда болады. Біз балаға осыны жеткізгіміз келді, – дейді Мәдина Махамбетқызы.

Елігай кітабы, Мәдина Ишан, балалар әдебиеті
Фото: @madina_makhambet Instagram парақшасы

Автор кітаптың тағы бір негізгі идеясы – ата-ана мен баланың бірге уақыт өткізуіне себеп болу екенін айтты. Себебі шығарманың өзі де ана мен баланың бірге қиялдаған сәтінен туған.

Балаларға қызық дүние жазу неге қиын?

Мәдина Махамбетқызының пікірінше, балаларға арнап жазудағы ең үлкен қиындық – олардың әлеміне ене білу.

Біздің буын өте ерте есейді. Сондықтан кейде бала қиялына ерік беру қиын. Баланың көзімен қарап, оның әлемін түсіне білу – ең күрделі дүниенің бірі, – дейді ол.

Мәдина ханымның айтуынша, балаларға арналған сапалы шығарма нақты талаппен емес, шексіз қиялмен жазылады. Сонымен бірге балалар кітабындағы иллюстрацияның да рөлі ерекше. Сондықтан кітапты жанды ете алатын суретшіні таңдау да маңызды болған. Ал шығармадағы Моңғолия жерін этнография тұрғысынан сипаттауға жолдасы Ержан көмектескен. Кітап авторы ертегіні шығаруға атсалысқан әр жан өз ісінің шебері екенін де сөзге тиек етті.

Кітаптың жарыққа шығуына үлкен еңбек сіңірген жан көп болды. Редактор Гүлжан Қайырбекқызы кітаптың қатесін тек түземей, оны өз балаларына оқытып, олардың пікірін ескерді. Корректор Аяужан Бүркітбай мәтіннің сауатты әрі сапалы болуына үлес қосты. Иллюстрацияларды Жансара есімді суретші қыз салса, кітаптың дизайнерлік жұмысын Ербол есімді азамат атқарды. Барлығы бұл іске үлкен жауапкершілікпен қарап, туындыны оқырманға ұсынуға атсалысты, — дейді Мәдина Махамбетқызы.

Елігай кітабы, Мәдина Ишан, балалар әдебиеті
Фото: @madina_makhambet Instagram парақшасы

Балалар контентіндегі басты мәселе

Қазір мәселе балаларға арналған контенттің аз екенінде емес.

Қандай сапалы дүние болса да, оны балаға жеткізетін – ата-ана. Сондықтан ата-ана мен бала арасындағы байланыс мықты болуы керек, – дейді Мәдина Махамбетқызы.

Елігай кітабы, Мәдина Ишан, балалар әдебиеті
Фото: @madina_makhambet Instagram парақшасы

Оның айтуынша, балаларға әсер ететін шығарма жазу үшін алдымен олардың жан дүниесін түсіну қажет. «Елігай» кітабы да дәл осындай ортақ қиял мен бірге өткен уақыттың нәтижесі.

***

Тағы оқыңыз:

«Ақ мамам» кітабы — бала жаттайтын тақпақтар жинағы

Мақала туралы ойыңыз?

TikTok парақшамызға жазылыңыз

TikTok