Басты бет / Жаңалықтар /
ауа райы, жаңбыр, қолшатыр
Фото: Нұрназар Әмзе/Baribar.kz

Биыл Қазақстанның оңтүстігінде жаңбыр неге жиілеп кетті? Бұған жасанды жауын-шашын технологиясының қатысы бар ма?

Кейінгі айларда Қазақстанның оңтүстік өңірлерінде жауын-шашын әдеттегіден жиі жауып, әлжелілерде түрлі пікірлер тарады. Бірі мұны климаттың өзгеруімен байланыстырса, енді бірі жақында іске қосылған жасанды жауын-шашын жобасының әсері деп болжайды. Шынында биылғы нөсердің себебі неде? Жасанды жаңбыр технологиясы ауа райын өзгерте ала ма? Baribar.kz мамандардың пікіріне сүйеніп, осы сұрақтарға жауап іздеп көрді.

Жоба туралы

Биыл Қазақстан жасанды жауын-шашын (cloud seeding) жобасын іске қосты. Жоба 2026 жылғы 17 мамырда Түркістан облысында басталды және БАӘ-нің Ұлттық метеорология орталығымен бірлесіп жүзеге асырылып жатыр. Мақсаты – су қоймаларын толықтыру және ауыл шаруашылығына су жеткізуді жақсарту.

Жасанды жауын-шашын деген не?

Бұл технология халықаралық тәжірибеде cloud seeding («бұлттарды себу» немесе «бұлттарды ұрықтандыру») деп аталады.

Арнайы ұшақтар немесе жерүсті генераторлары арқылы бұлттарға күміс йодиді, құрғақ мұз немесе тұз бөлшектері шашылады. Бұл бөлшектер су буының тамшыға немесе мұз кристалына айналуын жеңілдетіп, жауын-шашынның түсу ықтималдығын арттыруы мүмкін.

Алайда бұл технология ашық аспанда жаңбыр жаудыра алмайды. Ол тек ішінде жеткілікті ылғалы бар бұлттар болған жағдайда ғана қолданылуы мүмкін.

Бұл технологияның қандай артықшылығы бар?

БАӘ Ұлттық метеорология орталығының мәліметінше, қолайлы жағдайда cloud seeding жауын-шашын көлемін шамамен 10–35 пайызға дейін арттыруы мүмкін. Бірақ бұл көрсеткіш әрбір бұлтқа, ауа райына және өңір ерекшелігіне байланысты өзгеріп отырады.

Көптеген халықаралық ғалым технологияның тиімділігі әлі де зерттеліп жатқанын айтады. АҚШ Үкіметінің есеп палатасы (GAO) жариялаған баяндамада cloud seeding кей жағдайда нәтиже беруі мүмкін болғанымен, оның әсерін табиғи жауын-шашыннан нақты бөліп көрсету қиын екені айтылған.

Әлжелілердегі қауесет

Бірақ жоба іске қосылғаннан кейін әлжелілерде «оңтүстіктегі толассыз жаңбыр осы технологияның әсері» деген пікірлер тарады. Алайда мамандар мұндай қорытынды жасауға негіз жоқ екенін айтады. Бұған жауап ретінде «Қазгидромет» жауын-шашынның негізгі себебі табиғи циклондар мен атмосфералық процестер екенін түсіндірді. Азаттық Радиосының жазуынша, нөсер жаңбырлар өңір арқылы өткен табиғи циклон жүйесінің әсерінен болған.

Биыл неге жаңбыр көп болуы мүмкін?

  • Циклондардың жиі келуі. Биыл оңтүстікке ылғалды ауа массалары жиі жетіп отыр.
  • Атмосфералық циркуляцияның өзгеруі. Кей кезде ауа ағындары жауын-шашынның қалыптыдан көп түсуіне қолайлы болады.
  • Климаттың өзгеруі. Сарапшылардың айтуынша, жаһандық жылыну тек құрғақшылықты емес, кей өңірлерде нөсер жауынның жиілеуін де күшейтеді.

Мақала туралы ойыңыз?

TikTok парақшамызға жазылыңыз

TikTok