Алматы Орталық Азиядағы ең тартымды туристік бағыттардың бірі ретіндегі позициясын нығайтып келеді. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Mastercard Tourism Insights және D/AI Destinations халықаралық талдау платформаларының дерегі бойынша, 2026 жылдың бірінші тоқсанында Алматыға ұшақ билеттерін іздеу сұранысы өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 71% артқан.
Алматы қаласы туризм басқармасының мәліметінше, қалаға деген қызығушылық әсіресе шетелдік туристер арасында жоғарылаған.
Ең жоғары өсім Қытайдан тіркеліп, іздеу сұранысы 166% артқан. Сонымен қатар АҚШ тұрғындарының қызығушылығы 93%-ға, Ұлыбританиядан 85%-ға, ал Оңтүстік Кореядан 75% өскен. Цифрлық пікірлерді талдау нәтижесінде Алматыға келген туристердің жалпы қанағаттану индексі 82,6 балл болды, — делінген хабарламада.
Басқарма мәліметінше, саяхатшылар қаладағы көрікті орындарды, қонақүйлерді, мейрамханаларды және қысқа мерзімге жалға берілетін орналастыру орындарын жоғары бағалаған.
Мамандардың пікірінше, туристік сұраныстың артуы Алматының халықаралық бағыттағы тартымдылығы күшейіп келе жатқанын және қаланың туристік инфрақұрылымы шетелдік қонақтардың сұранысына барған сайын көбірек жауап бере бастағанын көрсетеді.
