Басты бет / Жаңалықтар /
Алматбек Сақтаған
Фото Алматбек Сақтағанның жеке архивінен

Үздік диплом жұмысы: Сарайшық су қоймасын салу жайлы зерттеу

Әлемде климат өзгеріп, су тапшылығы пайда болған шақта су ресурсын зерттеудің маңызы артып жатыр. Алматбек Сақтаған — Қазақстандағы жер асты су қоймасы жайлы географиялық зерттеу жүргізген жас маман, Абай атындағы ҚазҰПУ түлегі. Жер туралы ғылым мамандығын оқып жатқан студенттер Атырау облысына Сарайшық су қоймасын салу керек деп, екі жыл зерттеу жүргізіп, диплом жұмысын жазған. Бұдан бөлек, Түркі қағанаты кезінде хандардың жазғы ордасы болған Меркі қалашығын ЮНЕСКО-ның «Әлемдік мұра» тізіміне енгізу туралы, шалғайдағы ауылды дамыту үшін «Ақылды ауыл» моделін құру жайлы ғылыми жобалар қорғаған.
Baribar.kz тілшісі Алматбек Сақтағанмен сұхбат құрып, ғылыми зерттеулер мен оның маңызы туралы сұрап, білді.

«Сарайшық ауылындағы су тасқыны қаупін зерттедік»

Жас маманның сөзіне қарағанда, жер туралы ғылымды оқыған маман географияның әр бағыты бойынша салалық зерттеу жүргізеді. Мысалы, Алматбек Сақтаған Сарайшық ауылының су ресурсын зерттеген.

Мен ҚазҰУ-дағы «Тұрақты даму» зерттеу орталығына барып, тәжірибе алдым. Орталықта картография бағыты бойынша спутниктен түсірілген суреттерді алып, еліміздегі географиялық проблеманы анықтауға болады. Алдымен Атырау облысындағы Сарайшық ауылының өсімдік жамылғысын, су тасқыны қаупін, әр жыл мезгілінде судың көтерілу деңгейін зерттедік, — дейді ол.

ce1af35b7f57392868edaeba382c16f4 Үздік диплом жұмысы: Сарайшық су қоймасын салу жайлы зерттеу
Сарайшық аумағының спутник түсірілімі / Фото: Copernicus Browser

«Зерттеуімізді ең үздік диплом жұмысы деп айтты»

Батыс Қазақстан — құрғақ, шөлейт аймақ. Мұнда су тапшы, яғни жауын-шашын мөлшері аз. «Жұт болды, мал қырылды» дегенді жиі естиміз, тіпті шөп сирек өседі.

Батыс Қазақстан аумағында су тапшылығы басым болғандықтан, Нұршат Саламатова және Жанель Мұхтаровамен бірігіп, жер асты су қоймасын салудың маңызды екенін дәлелдеу үшін ғылыми зерттеу жүргіздік. Оқытушылар зерттеуімізді ең үздік диплом жұмысы деп айтты. Әлемдегі тәжірибеге сүйеніп, MAR (Managed Aquifer Recharge) технологиясын негізге алдық. 2024 жылы Жайық өзені маңындағы ауылдарды су басты. Демек, су тасқынының алдын алу үшін Сарайшық су қоймасын салу керек, — дейді жер туралы ғылым маманы.

Алматбек Сақтаған
Фото Алматбек Сақтағанның жеке архивінен ұсынылды

ЮНЕСКО қорғауындағы «Әлемдік мұра» тізіміне Меркі қалашығын енгізу қажет

Қазір Қазақстандағы алты тарихи нысан ЮНЕСКО қорғауындағы «Әлемдік мұра» тізімінде тұр. Жетінші нысан ретінде Меркі қалашығын енгізу үшін Алматбек Сақтаған мен Нұршат Саламатова ғылыми мақала жазған. Мақала «Білім, ғылым және туризм әлемінде» деген ғылыми конференция жинағында жарияланды.

Меркінің табиғи және тарихи келбетін халықаралық деңгейде сақтау үшін арнайы зерттеу жүргіздік. «Әлемдік мұра» тізіміне енген нысанның тарихи келбетін сақтау үшін ЮНЕСКО қаржы бөледі. Қаратаудың баурайындағы Меркіні ұсынған себебіміз, бұл аймақта Қызыл кітапқа енген қызғалдақ өседі. Екіншіден, Меркі — Түркі қағанаты кезіндегі хандардың жазғы ордасы. Түркілер ата-бабаларын адам аяғы баспайтын, таулы жерге жерлеген. Бұдан бөлек, бұл аймақта емдік өсімдіктер мен сауықтыру орталығы бар, — дейді Алматбек Сақтаған.

Ақылды ауыл моделі — Марқакөл мен Талды ауылының туризмін дамыту жобасы

Алматбек Сақтаған шалғайдағы ауылдың туризмін және ауыл шаруашылығын дамыту үшін ақылды ауыл салу керек екенін айтты.

Ақылды ауыл ғылыми жобасында ШҚО-дағы Марқакөл мен Қарағанды облысындағы Талды ауылының туризмін дамытуды көздедік. Екі ауылда да халық өте аз болғандықтан Алатау сынды смарт сити сала алмаймыз. Демек, смарт вилләдж салған жөн. Жобада табиғи өнімдер шығаратын зауыт салуды ұсындық. Осылай, ауыл тұрғындарына жаңа жұмыс орындарын ашуға болады, — дейді жас маман.

Мақала туралы ойыңыз?

Facebook парақшамызға жазылыңыз

Facebook