Баланың дүниетанымы, сөздік қоры мен мінез-құлқының қалыптасуына көретін мультфильмдерінің де әсері бар. Сондықтан қазір ата-ана тәрбиелік мәні бар қазақ тіліндегі контентті таңдауға басымдық береді. «Балапан» телеарнасында ұлттық құндылықты дәріптейтін, танымдық әрі қызық мультсериалдар көрсетіледі. Осыған байланысты Baribar.kz бүлдіршіндерге пайдалы үш туындыны ұсынып отыр.
«Әли мен Айя»
Бұл — бес жасқа дейінгі балалардың ой-өрісі мен ойлау қабілетін дамытуға арналған мультхикаяда. Ауылдағы ата-әжесіне келген Әли мен Айя табиғаттың түрлі құпиясын танып, қоршаған ортаны зерттейді. Ән айтып, би билейтін кейіпкерлер арқылы балалар қазақтың ұлттық өнерімен, мәдениетімен, әдет-ғұрпымен және салт-дәстүрімен танысады. Сонымен қатар әр бөлімде үлкенді құрметтеу, табиғатты аялау және ізденімпаз болу секілді құндылық дәріптеледі.
«Ерке төлдер»
Бұл мультсериалдың мақсаты – мақал-мәтелдерді балаларға қызық форматта таныстырып, олардың мағынасын түсіндіру. Басты кейіпкерлер Ақбұзау, Қошақан мен Тақай әр бөлімде түрлі оқиғаны бастан өткеріп, соңында белгілі бір мақалдың тәрбиелік мәнін ашады. Нәтижесінде бүлдіршіндердің тіл байлығы артып, ауыз әдебиетіне қызығушылығы қалыптасады.
«Дәрігер Дана»
Дана дәрігер болуды армандайды. Ол сиқырлы медициналық сөмкесімен ойыншықтарына жан бітіріп, оларға денсаулыққа қатысты сабақ өтеді. Әр бөлімде жеке бас гигиенасы, дұрыс тамақтану, тазалық сақтау және денсаулықты күтудің негізгі қағидасы туралы ереже бар. Мультсериал балаларды салауатты өмір салтын ұстануға және денсаулығына жауапты болуға баулиды.
Біз ұсынған топтаманы «Балапан» арнасынан немесе ресми сайтындағы мультсериалдар бөлімінен онлайн көруге болады.
