Алматыдағы әл-Фараби даңғылында үш адамның өмірін қиған жол-көлік оқиғасына байланысты полиция қызметкеріне қатысты қылмыстық іс бойынша тергеу аяқталды. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, 20 мамыр күні мемлекеттік тіркеу нөмірін заңсыз беру фактісі бойынша жүргізілген сотқа дейінгі тергеу жұмыстары аяқталған.
Тергеу барысында апатқа қатысқан көлікте тағылған 100 QR 02 мемлекеттік тіркеу нөмірі көліктің ресми тіркеу құжаттарына сәйкес келмейтіні анықталған. Оқиғадан кейін ІІМ-нің ішкі қауіпсіздік департаменті бірқатар полиция қызметкерлеріне қатысты «Билікті немесе лауазымдық өкілеттіктерді асыра пайдалану» бабы бойынша тексеру бастаған болатын. Алайда кейін бұл бап бойынша іс тоқтатылған, — делінген хабарламада.
Министрліктің хабарлауынша, кейін Алматы қаласының полициясы Қылмыстық кодекстің 370-бабы — «Қызметтегі әрекетсіздік» бойынша тергеу жүргізіп, іс материалдарын прокуратураға жолдаған.
Еске салайық, жол-көлік оқиғасы 21 наурызға қараған түні болған. Тергеу мәліметінше, Zeekr жүргізушісі жарыс ұйымдастырмақ болып, қарсы бағытқа шығып кеткен. Соның салдарынан ол Mercedes-Benz көлігімен соқтығысқан. Жол апаты салдарынан Mercedes жүргізушісі мен 20 және 22 жастағы екі жолаушы қыз оқиға орнында қаза болды.
Іс бойынша айыпталушы Александр Пак сотта өз кінәсін толық мойындап, марқұмдардың туыстарынан кешірім сұрады. Сонымен қатар жәбірленуші тараптың өкілдері сот барысында айыпталушыны кешіретіндерін айтып, оған бас бостандығынан айыру жазасын қолданбауды сұраған.
