Не болды?
Экология және табиғи ресурстар министрлігі «Семей орманы» апатынан кейін орманшылардың еңбекақысы өскенін айтты. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Мәлімет
Вице-министр Нұркен Шәрбиевтің айтуынша, орман шаруашылығын дамыту 2022 жылғы өрттен кейін басталған. 2023 жылы бюджет нақтыланған кезде бұл салаға қосымша қаражат бөлініп, бірқатар техника сатып алынды.
2023 жылдан бері орман шаруашылығына 2106 техника алынды. Оның ішінде 371 өрт сөндіру көлігі, 529 шағын орман өрт сөндіру кешені, 853 трактор және 253 патруль автокөлігі бар. Бұл техника орман шаруашылығы комитетіне қарасты ұйымдарға, орман қорғау мекемелеріне және жергілікті атқарушы органдарға бөлінді, – дейді Нұркен Шәрбиев.
Техникамен қатар орманшылардың еңбекақысы да айтарлықтай өскен. 2022-2024 жылы орман саласындағы қызметкерлердің еңбекақысы екі есе артты. Өрт сөндіру жұмысына тікелей қатысатын қызметкерлерге тәуекелі жоғары еңбек жағдайы үшін 100% үстемақы қарастырылған.
Қазір өрт сөндіру көлігінің жүргізушісі еңбек өтіліне қарай орта есеппен 275 мың теңге алады. Орман өрт сөндіру станция басшысының жалақысы шамамен 355 мың теңге, орман өрт сөндірушісінің жалақысы 250 мың теңге. Ормандар мен ерекше қорғалатын табиғи аумақта жұмыс істейтін мемлекеттік инспекторлардың еңбекақысы бұдан да жоғары. 2021 жылмен салыстырғанда орманшылардың еңбекақысы үш есе, ал қалған қызметкерлердікі екі есе өскен, – дейді вице-министр.
Алайда 100% үстемақы әкімшілік қызметкерлерге, есепшілерге, экономистерге және маусымдық жұмысқа қабылданған жұмысшыларға берілмейді. Бұл санаттағы қызметкерлердің орташа еңбекақысы 150-160 мың теңге шамасында.
Нұркен Шәрбиевтің сөзіне қарағанда, қазір «Семей орманы» резерваты техникамен толық қамтамасыз етілген. Мұнда норматив бойынша қажет 70 көліктің орнына 82 өрт сөндіру көлігі бар. Ескі техниканың барлығы есептен шығарылып, парк жаңартылған. Мекемеде өртті сөндіруге арналған трактор саны — 79. Өрт болған жерге алғаш жететін 49 шағын өрт сөндіру кешені де бар, әрқайсының сыйымдылығы 500-800 литр.
Кейде өңірде бір тәуліктің ішінде 37 орман өртіне дейін тіркеледі. Сондықтан техника саны әдейі нормадан артық алынған, — дейді Нұркен Шәрбиев.
Контекст
Естеріңізге салайық, 2023 жылы 8 маусымда «Семей орманы» мемлекеттік орман табиғи резерватында өрт шықты. Аумағы небәрі 0,3 гектардан басталған тілсіз жау кейін 60 мың гектарға жайылып, 15 орман қызметкерінің өмірін жалмады. Осыған байланысты Семейде төтенше жағдай режимі жарияланып, елде жалпыұлттық аза тұту күні белгіленген еді.
