Не болды?
Қазақстанда ойыншық ұтып алуға арналған автоматтардың қызметін реттеу жоспарланды. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Мәлімет
Ойыншық автоматын орнатқандар жайлы үкімет отырысының баспасөз мәслихатында туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов айтты.
Министрдің айтуынша, сауда орталықтары мен басқа да қоғамдық орындағы ойыншық автоматтарының жұмысы қазіргі заңнамада нақты реттелмеген. Осыған байланысты мұны бақылайтын жауапты мемлекеттік орган да әзірге анықталмаған.
Қазір бұл автоматтарға қатысты нақты заң қарастырылмаған. Сондықтан тиісті түзетулер әзірленеді, – дейді Ербол Мырзабосынов.
Былтыр желтоқсан айында сенатор Ғалиасқар Сарыбаев үкіметтен балаларға арналған ойыншық автоматтарының қызметін заңнама тұрғысында реттеуді талап етті.
Сенатор бұл автоматтарға жеке мәртебе беруді, міндетті түрде сертификаттап, жас ерекшелігіне қатысты шектеу енгізуді және балалар мекемесінің маңына орналастыруға тыйым салуды ұсынды. Сонымен қатар салық салу және ұтысқа берілетін сыйлықтардың сапасын бақылау бойынша мемлекеттік органдардың құзыретін нақты белгілеу қажет екенін айтты.
Контекст
Естеріңізге салайық, Алматыда балаларға ішімдік сатқан үш ойын-сауық орны жабылды.
