Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев бастаған ресми және іскерлік делегация Қытай Халық Республикасына жұмыс сапарымен барды. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Сапарда өңір басшысы Қытайдың ірі индустриялық аймақтарының бірі — Ляонин провинциясы губернаторы Ван Синьвэй-мен кездесті. Кездесуді Қазақстанның Қытайдағы елшілігі ұйымдастыруға қолдау көрсеткен.
Өнеркәсіп пен инвестиция — негізгі бағыт
Ляонин провинциясы — 40 миллионнан астам халқы бар, мұнай-газ және өнеркәсіп саласы дамыған өңір. Бұл бағыттар Батыс Қазақстан облысының экономикасымен де ұқсас.
Кездесу барысында тараптар мұнай-газ, агроөнеркәсіп, энергетика және инвестициялық жобалар бойынша ынтымақтастықты кеңейту мәселелерін талқылады.

Облыс әкімі Қазақстан мен Қытай арасындағы стратегиялық әріптестік нығайып келе жатқанын атап өтті.
Президент тапсырмасы бойынша өңірде инвестициялық ахуалды жақсартып, шетелдік компанияларға жаңа мүмкіндіктер ұсынып отырмыз. Қытайлық инвесторлармен бірлесіп, метанол өндірісі, цемент зауыттары, газ турбиналы және жел электр станциялары сияқты жобалар жүзеге асырылып жатыр. Арнайы экономикалық аймақ жұмыс істеп тұр, – деді Нариман Төреғалиев.
Қытай тарапы ынтымақтастықты қолдайды
Губернатор Ван Синьвэй екі ел арасындағы серіктестіктің стратегиялық маңызын атап өтті. Оның айтуынша, Ляонин мен Қазақстан арасындағы сауда айналымы кейінгі жылдары өсіп, 2,7 миллиард юаньға жеткен.
Сонымен қатар қытайлық тарап өндірістік, мәдени және гуманитарлық байланыстарды одан әрі дамытуға дайын екенін жеткізді.
