Қазақстанда белгіленген жұмыс уақытынан артық еңбек ететін азаматтардың саны өсіп келеді. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Finprom.kz дерегінше, 2026 жылдың бірінші тоқсанының қорытындысы бойынша аптасына 41 сағаттан артық жұмыс істейтіндердің саны 1,4 миллион адамға жеткен.
Бұл көрсеткіш Қазақстанның еңбек заңнамасында белгіленген 40 сағаттық жұмыс аптасының нормасынан жоғары. Бір жыл ішінде артық жұмыс істейтіндер саны 13,8% өскен.
Әйелдер арасында өсім жоғары
Зерттеу мәліметтері бойынша, артық жұмыс істейтін ерлер саны бір жылда 12% артып, 897,7 мың адамға жеткен. Ал әйелдер арасында өсім қарқыны жоғарырақ болып, 17,5% болған. Қазір аптасына 41 сағаттан артық еңбек ететін әйелдердің саны 507,6 мың адамға жетіп отыр.
Қай жастағылар көбірек жұмыс істейді?
Артық жұмыс істейтіндердің басым бөлігі 35–44 жас аралығындағы азаматтар. Бұл санатта 434,4 мың адам белгіленген нормадан артық еңбек етеді.
Сонымен қатар 45–54 жас аралығындағы 315,7 мың адам да аптасына 40 сағаттан көп жұмыс істейді.
Ал 24 жасқа дейінгі жастар арасында мұндай көрсеткіш айтарлықтай төмен. Бұл топта 125,4 мың адам ғана артық жұмыс істейді.
Қай салаларда артық жұмыс істеу жиі кездеседі?
Салалар бойынша ең көп артық жұмыс істейтіндер сауда және автокөлік жөндеу саласында тіркелген. Бұл секторда 373,8 мың адам белгіленген нормадан ұзақ еңбек етеді.
Өнеркәсіп саласында мұндай қызметкерлер саны 240,6 мың адамға жеткен.
Ал үлес көрсеткіші бойынша көшбасшы – тау-кен өндірісі. Бұл салада жұмыспен қамтылғандардың 31,5%-ы аптасына 40 сағаттан артық жұмыс істейді.
Сауда саласында бұл көрсеткіш 23,8%, ал қонақүй және қоғамдық тамақтану секторында 23,5% болды.
Ең ұзақ жұмыс аптасы қай салада?
Сарапшылардың мәліметінше, ең ұзақ жұмыс аптасы тау-кен өндірісінде тіркелген. Бұл сала қызметкерлері орта есеппен аптасына 44 сағат жұмыс істейді.
Өнеркәсіп, құрылыс, сауда және қонақүй мен қоғамдық тамақтану салаларында жұмыс аптасының орташа ұзақтығы 42 сағат болды.
