24–26 шілде аралығында автотуризм мен көшпелі мәдениетті бір арнаға тоғыстыратын Drive forum Great orda деген халықаралық фестиваль өтеді. Бұл іс-шараның басты мақсаты — еліміздегі автотуризм саласын дамытып, көшпенділердің Ұлы дала өркениеті мен ұлттық мәдени мұрамызды заманауи форматта, яғни авто бағыты арқылы таныстыру. Орталық Азияда алғаш рет өтетін автофестивальға ел тұрғындары, шетелден келген туристер, қоғанқтар, жол талғамайтын көлік жүргізушілері мен автоклуб мүшелері қатыса алады.
Baribar.kz тілшісі Drive forum Great orda фестивалінің қандай ерекшелігі бар екенін анықтап, өтетін орны мен ауқымын біліп қайтты.
Қатысушылар постапокалипсис әлеміне енеді

Автофестиваль Қапшағай су қоймасының жағасында өтеді. Қонақтар мен туристер табиғат аясында әртүрлі ойын-сауық бағдарламасына қатыса алады. Сонымен қатар кастомдалған, яғни ерекше стильдегі көліктертер көрмесі, автоклуб шеруі, экспедициялық жоба мен шеберлік сағаттары өтеді. Бұл — ТМД елдері арасында бұған дейін болмаған алғашқы кастомдалған көлік көрмесі.
Жоба жетекшісі Әбдуәли Әбдуғалидің сөзіне қарағанда, фестивальға көрші мемлекеттерден де қонақтар мен қатысушылар келеді. Мәселен, алғаш болып Өзбекстаннан 30 адам тіркелгенін айтты.

Фестивальдің ерекшелігі біз қатысушыларға постапокалипсис әлеміне еніп, сол дәуірдің атмосферасын сезінуге мүмкіндік береміз. Демек апокалипсис өтіп кеткеннен кейін адамдар өркениетті қоғам, тұтас қауымдастық ретінде қалыптасып жатқан кезеңді бейнелейміз. Осылайша, жұрт әлеуметтік желіде ғана емес, шынайы өмірде бір-бірімен қарым-қатынас құрады, — дейді жоба жетекшісі.
Көшпенділердің заманауи темір тұлпары
Іс-шараға қатысамын деген жандар балаларын ертіп келеуі мүмкін. Сондықтан билет ересектер мен балаларға екі түрлі бағада сатылады. Сонымен қатар билеттер қатысушылардың санатына қарай әртүрлі болып бөлінеді. Мысалы, автокөліксіз келетін адам «көшпенді ізбасар» санатына жатады. Ол тек көрермен емес, белгілі бір рөлді алу арқылы фестивальдың ауқымы мен маңызын сезінеді. Балаларға билет «дарын» деген атаумен беріледі. Өйткені әрбір бала — болашақта ұлттық мәдениет пен қазақы дәстүрлі жалғастыратын ізбасар. Жоба ұйымдастырушылары үшін әр адам құнды. Сондықтан қатысушылар фестиваль аумағына кірген бойда күнделікті күйбең тіршілікті бір сәт ұмытып, ерекше әсер алуға тиіс.
Drive forum Great orda фестивалі Ұлы дала өркениеті мен заманға сай технологиялық стильді біріктіруге бағытталған. Жол талғамайтын көліктер ежелгі көшпенділердің «заманауи темір тұлпары» ретінде символдық мағынаға ие, — дейді Алматы облысы туризм басқармасының басшысы Қуанышбек Мирамбекұлы.

Іс-шаралардың толық бағдарламасы
Жоба жетекшлісі қатысушылардың цифрлы қауіпсіздігі үшін Kino.kz-пен келісімшарт жасағанын айтты. Қазір жоба ұйымдастырушылары басқа да серіктестермен келіссөз жүргізіп жатыр. Фестивальға қатысу үшін Instagram парақшадағы сілтеме арқылы немесе Driveforum.kz сайты арқылы тіркелу қажет. 24-26 шілде, үш күн бойы өтетін іс-шаралар бағдарламасын да осы сайттан көруге болады.
