Алматыда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын бақылау және тұрақтандыру бойынша кешенді шаралар қолға алынды. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Премьер-министр Олжас Бектенов тапсырмасы аясында 2026 жылғы 16 сәуірден бастап «Барыс-4» базары аумағындағы көтерме сауда нүктелерінде бағаға жүйелі мониториң жүргізіліп жатыр. Бұл жұмыстарға қалалық кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасы, сауда және тұтынушылардың құқығын қорғау департаменті, мемлекеттік кірістер департаменті, сонымен қатар бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің өкілдері тартылған.
Негізгі мақсат — баға тұрақтылығын қамтамасыз ету және азық-түлік бағасының негізсіз өсуіне жол бермеу. Әсіресе сауда үстемесінің 15%-дан аспауын қадағалау және жеткізу тізбегіндегі артық делдалдарды қысқарту мәселесіне басымдық беріліп отыр. Сонымен қатар кәсіпкерлер мен базар әкімшілігі арасында түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр, — делінген хабарламада.
Сауда қатысушыларына баға белгілеудің ашықтығы, заң талаптарын сақтау және тауарларға дұрыс рәсімделген баға белгілерін қою қажеттігі ескертіліп жатыр.
Егер заңбұзушылықтар анықталса, ҚР заңнамасы бойынша мемлекеттік бақылау шаралары қабылданады. Мониториң нәтижелері өңірлік комиссияда қаралып, құқық бұзғандарға әкімшілік жауапкершілік жүктеледі. Аталған бағыттағы жұмыстар жалғасып, тұрақты бақылауда болады, — делінген хабарламада.

