Мазмұнға өту
Басты бет / Push /

Жанәбіловтер сотында блогер Дархан Жолшыбеков куә ретінде жауап берді

Фото: Instagram-парақшасынан
Астанада блогерлер Ерболат Жанәбілов пен Эльмира Төлегеноваға қатысты қылмыстық іс бойынша сот процесі жалғасып жатыр. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

Кезекті сот отырысына куә ретінде Алматыдан блогер Дархан Жолшыбеков келді. Оның айтуынша, ол Жанәбіловтермен бес жылдан астам уақыттан бері таныс.

Куәгердің сөзіне қарағанда, 2025 жылғы көктемде ерлі-зайыптылар одан онлайн ұтыс ойындарын өткізуге қатысты сұраған.

Ол интернеттен менің лотерея өткізуге байланысты сот дауларына қатысқанымды көріп, қандай жаза алғанымды сұрады. Мен әкімшілік жауапкершілікке тартылғанымды айттым, — деді Дархан Жолшыбеков.

Сот барысында қорғаушы Гауһар Айтжанова куәгерден блогерлермен арада жеке келіспеушілік болған-болмағанын сұрады.

Нақты айта алмаймын. Болды ма, болмады ма — білмеймін, — деп жауап берді ол.

Сонымен қатар куәгер бұған дейін әлеуметтік желілерде онлайн ұтыс ойындарын ұйымдастырғанын және осы әрекеті үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылғанын растады.

Қазіргі уақытта сот процесі жалғасып жатыр.

Еске салайық, Астананың мамандандырылған ауданаралық соты Ерболат Жанәбілов пен Эльмира Төлегенованы лицензиясыз лотерея ұйымдастырғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартқан болатын.

Тергеу органдары әлеуметтік желілер арқылы жиналған қаражатты заңсыз кәсіпкерлік нәтижесінде алынған кіріс деп бағалап, оны заңдастыру белгілерін анықтаған.