Мазмұнға өту
Басты бет / Push /

Фоторепортаж. Алматы жұрты Наурызда ұлттық стиль мен трендті қалай үйлестірді?

Фото: Ерқанат Аманкел
Елімізде 10 күн бойы Наурыз мейрамы тойланады. Бүгін көктемнің жылы лебі сезіліп, қаланың әр аймағында түрлі іс-шара мен мерекелік концерт өтіп жатыр. Халық қазақы болмыс пен құндылықты айшықтайтын ұлттық киім киіп шығыпты.
Baribar.kz тілшілері Наурыз мейрамында сәнді киініп жүрген Алматы жұртын фотоға түсіріп, пікір алмасып қайтты.

Қаланың басты мерекелік орны — Астана алаңына қарай беттедік. Бұл кезде қала тұрғындары әлі жинала қоймаған еді. Алаңға келген бойда қазақы жеңсіз киген қыз көзімізге түсті. Фотоға түсіріп, өзімен таныстық. Аружан Қуанышбайқызы — Мақан Есболатов атындағы Алматы академиясының студенті екен.

Аружан Қуанышбайқызы, студент. Фото: Ерқанат Аманкел
Фото: Ерқанат Аманкел
Фото: Ерқанат Аманкел
Фото: Ерқанат Аманкел

Содан соң №154-балабақшаның тәрбиешісі Анар Өсембайдың ерекше киім үлгісін байқадық. Ол ұлттық киімді дәріптеу үшін тек Наурызда ғана емес, күнделікті жиі осылай сәнді киінетінін айтты.

Өзім балабақша қызметкері болғандықтан ұлттық құндылықты балалардың бойына дарытып, санасына сіңіру маңызды деп ойлаймын. Ұлттық киім киіп жүргенімді көрген жұрт тамсана қарайды. Ұлттық болмысымызды дәріптеуге осылай үлес қосып жүрмін. Әркім қолынан келгенше атадан қалған мұраны ұлықтауға атсалысса, Наурыз мейрамының ғұмыры ұзақ болады, — дейді Анар Өсембай.

Анар Өсембай, балабақша тәрбиешісі. Фото: Ерқанат Аманкел
Фото: Ерқанат Аманкел

Наурызбай ауданына қарасты Alem деген инновациялық-шығармашылық орталықтың оқушыларымен де таныстық. Олар 1 мамырда Қазақстанның намысын қорғау үшін халықаралық байқауға аттанады екен. Оқушылардың айтуынша, байқауға ұлттық нақыш пен заманауи сән үйлескен осы топтық жейдені киіп барады.

Инновация тобында төрт оқушы бар. Жақында оқушыларымыз Орта Азия елдері арасында өткен робототехника байқауында 1-орын алған еді. Байқауға қатысқан 180 топты басып озды. Енді АҚШ-та өтетін халықаралық сайыста ел намысын қорғайды, — дейді топ жетекшісі Айдана Аманбекқызы.

Alem орталығының оқушылары. Фото: Ерқанат Аманкел
Фото: Ерқанат Аманкел

Мерекелік алаңда бірдей киінген үш ұл баланы кездестірдік. Бастапқыда оларды үшем шығар деп ойладық. Кейін Шырын Мырзатаймен танысып, сөйлескен соң ғана балалардың бірі қайын сіңлісі, бірі қайын інісі екенін білдік. Жалпы бес бала-шағаны ертіп, Наурыз тойлау үшін алаңға келіпті. Ал ұлттық киімді балабақша мен мектепте өткен мерекелік іс-шараға арнайы сатып алғанын айтты.

Астана алаңы. Фото: Ерқанат Аманкел
Фото: Ерқанат Аманкел
Фото: Ерқанат Аманкел

Наурыз — түркі халқына ортақ мейрам. Наурызды тек қазақ емес, түркі халқы да тойлайды. Бұған дәлел — Алматы тұрғыны Құрмет, ұл-қызы Раяна мен Шонур. Олардың ұлты — тәжік. Анасы да, балалары да қазақ тілінде сөйлей алады екен. Үшеуі де этно стильде киініп, думанды мерекеге келіпті.

Алматы тұрғыны Құрмет, ұл-қызы Раяна мен Шонур. Фото: Ерқанат Аманкел
Фото: Ерқанат Аманкел
Раяна мен Шонур. Фото: Ерқанат Аманкел

Көпшілік тек жастар сәнді киінеді деп ойлауы мүмкін. Динара Әбдірахманның киім үлгісін көргендер бұл көзқарастың жай ғана таптаурын екенін түсінеді. Оның сөзіне қарағанда, қазақ тілін, қазақ халқын, сонымен қатар ұлттық киімді жаны сүйеді, ерекше құрметтейді.

Әкем қазақ, анам украин. Қазақстан — менің туған жерім. Алматыда тұрып жатқаныма 35 жыл болды. Күнделікті өмірде ұлттық киім кимеймін. Десе де, Наурызға орай ұлттық киім мен заманауи сәнді ұштастырып, құндылығымызды насихаттағым келеді, — дейді Динара Әбдірахман.

Динара Әбдірахман. Фото: Ерқанат Аманкел
Динара Әбдірахман. Фото: Ерқанат Аманкел
Фото: Ерқанат Аманкел
Фото: Ерқанат Аманкел

Бағдарлама бойынша, бұл жерде сағат 11:00-ден 22:00-ге дейін мерекелік концерт өтеді. Сахнада «Дос-Мұқасан», «МузАРТ», «Ұлытау», «Алашұлы» топтары, сонымен қатар Нұржан Керменбаев, Салтанат Бақаева, Талғат Күзембаев, Айгүл Елшібаева, Ернар Айдар, Мақпал Исабекова, Мөлдір Әуелбекова және Әсет Есжан өнер көрсетеді. Сонымен қатар Әзербайжан әншісі Роза Зергерлі арнайы қонақ ретінде келіп, ән шырқайды.

Фото: Ерқанат Аманкел
Фото: Ерқанат Аманкел
Фото: Ерқанат Аманкел

Астана алаңы маңында ұлттық спорт ойындарының байқауы өтті. Концерт көруге жиналған жұрт тоғызқұмалақ пен күрес сайысына қатысып, асық ойнады. Балалар бүркіт пен құмай тазыны көріп, таңырқай қарап, кезек-кезек фотоға түсіп жатыр.

Фото: Ерқанат Аманкел
Фото: Ерқанат Аманкел
Фото: Ерқанат Аманкел

Кейін Алматы тұрғындары жиі жаяу жүретін көрікті аймақтың бірі – Арбатқа жол тарттық. Мұнда Наурыз мейрамына орай Kitap fest өтіп жатыр. Ортада ЖИ-ға негізделген Smart yurt киіз үйі тігілген. Ziyat баспасы мен Qasym баспасының кітаптары бірден көзге түсті. Жалпы 40-қа жуық баспаның ең үздік туындылары мен кітаптары бар. Кітап сүйер оқырман мен думанды мерекеге келген жұрт көп екен. Жиналған қауым қаламгерлермен кездесіп, шеберлік сабақтарына қатысып жатыр.

Фото: Ерқанат Аманкел
Фото: Ерқанат Аманкел
Фото: Ерқанат Аманкел

Ұлттық нақышта киінген атаны көріп қалдық. Kitap fest-тен олжалы болып, қолына кітап ұстап келе жатыр екен. Танысып, әңгімелесе келе жазушы, баспагер Қадірбек Сегізбайұлы екенін білдік. Кітап фестиваліне ұл-қыздары мен немерелерін ертіп келіпті. Сегізбай әулетінің кітап талдап тұрған сәтін таспалап алдық.

Жазушы, баспагер Қадірбек Сегізбайұлы. Фото: Ерқанат Аманкел
Фото: Ерқанат Аманкел

Арбатта қолөнершілер жәрмеңкесі ашылған. Жәрмеңкеден тақия, қамзол, сөмке мен күміс әшекей-бұйым сатып алуға болады. Сонымен қатар сейіл құрып, қыдырып жүргендер өз қолымен қыш құмыра жасап жатыр.

Фото: Ерқанат Аманкел
Фото: Ерқанат Аманкел
Фото: Ерқанат Аманкел
Exit mobile version