Мазмұнға өту
Басты бет / Push /

Ата-аналар шағымы: Назарбаев мектебінің оқушылары асхана тамағынан ауруға шалдыққан

Фото: Нұрбибі Айтбайқызы/Baribar.kz

Не болды?

Назарбаев жанындағы International Steppe School of Almaty мектебінде оқушылар тамақтан уланып, енді ата-аналар мектеп асханасындағы тамақ сапасына шағымданып жатыр. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

Мәлімет

2025 жылғы қыркүйекте Алматыда 360 оқушыға арналған Назарбаев жанындағы International Steppe School of Almaty мектебі ашылған еді. Қазан, қараша айларында оқушылар жүрегі айнып жатқанын ата-анасына хабарлаған. Содан соң ата-аналар мектеп әкімшілігіне арыз-шағым жазды. Мәселе әлі шешілмей, Алматыда 3 наурызда өткен баспасөз отырысында талқыланды.

Назарбаев жанындағы мектеп оқушыларына тамақ әзірлеуге «Килибаева Г.» деген жеке компания жауапты. Әр баланың тамақтануына ай сайын 70 000 теңге төленеді. Былтыр күзден бастап баласының денсаулығына алаңдаған ата-аналар асхананың таза екенін күмәнданып, тамақ сапасын тексере бастаған. Алдымен мектеп әкімшілігіне, директорға шағымданған.

Кейін жағдай уақытша түзеліп, бір аптадан кейін тамақтың сапасы қайтадан нашарлаған. Ата-аналар асханада оқушыға піспеген көкөніс, ет пен қылтаны бар балық берілетінін байқаған.

Фото: НЗМ жанындағы мектептің ата-аналары ұсынған сурет

«Мақсат – дауласу емес, балаларға дұрыс тамақ беру»

Желтоқсан, қаңтар айларында жағдай ушыға түскен. Бұған дейін аллергиясы болмаған балалардың денесі бөртіп кетіп, бірі тамақтан уланып, бірі квинке ісіну ауруына шалдыққан. Санитар талабын бақылау органы мектеп асханасын тексеріп, жауапты компанияның жұмысына тыйым салған. Ал компания әлі күнге дейін оқушыларға тамақ дайындап келеді. Ата-аналардың сөзіне қарағанда, мақсат – дауласу емес, балаларға дұрыс тамақ беру.

Фото: Нұрбибі Айтбайқызы/Baribar.kz

2-класс оқушысының анасы Альмира Орлованың айтуынша, баласы грантта оқитын кейбір ата-аналар бұл жайтқа көз жұма қарап, көндігуге мәжбүр. Белсенді ата-аналар түрлі қысымға тап болғанын айтты. Алайда олар ол сәтті видеоға түсіре алмаған.

Ақыры баласын басқа мектепке ауыстырған ата-ана не дейді?

Әсел Тұман – медицина ғылымдарының кандидаты, жоғары санаттағы дәрігер. Назарбаев мектебінде оқитын баласы ауыра берен соң, мектептен шығарып алғанын айтып отыр.

Былтыр қыркүйекте 4-класс оқитын ұлым жаңа Назарбаев мектебіне қабылданды. Қазан айында әрдайым жүрегі айнып жүргенін айтып жүрді. Спортына бара алмады, тіпті, көлікте де жүрегі айныды. Екі апта бойы мұның себебін анықтай алмадық. Өзім дәрігер болғандықтан, қараша айында әріптестерімнен көмек сұрадым. Медицина қарауынан кейін балама холецистит (өт қабынған) диагнозы қойылды. Бұл бауыр, өт аймағында басқа да аурулардың асқынуына әсер етеді. Толық ем алған соң былтыр желтоқсанда баламды Назарбаев мектебінен басқа мектепке ауыстырамын деп шештім, — дейді ата-ана.

Фото: Нұрбибі Айтбайқызы/Baribar.kz

Әсел Тұманның айтуынша, мектептің білім беру сапасы мен мұғалімдері жақсы болса да, тамақтану мәселесі шешімін таппаған соң баласын бұрын оқыған мектебіне ауыстырған.

Ата-аналардың талабы – Назарбаев жанындағы International Steppe School of Almaty мектебінің оқушыларына тамақ әзірлеуге жауапты компаниямен келісімшартты тоқтату.

Бір айта кетерлігі, Назарбаев мектептеріндегі тамаққа қатысты дау жалғыз бұл емес. 2024 жылы Ақтаудағы Назарбаев мектебінің асханасында жартылай шикі піскен еттің видеосы тараған еді. Ата-аналардың айтуынша, 2023 жылға дейін балалар астың дәмі нашар деп шағымданса, кейін тамақтан тарақан, шаш шыққанын көрген.

Ал былтыр Талдықорғандағы Назарбаев мектебінде 90 оқушы тамақтан уланып қалған. Балалар ата-анасына тауық етінен жағымсыз иіс шығатынын, оны ешкім жегісі келмейтінін айтқан.

Контекст

Естеріңізге салайық, былтыр мектепте дұрыс тамақтануға бағытталған жаңа стандарт мен арнайы мәзір бекітілген еді. 

Exit mobile version